«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «AMANAT» партиясы «Таза бейсенбі» науқанын жүргізіп жатқаны белгілі. «Таза бейсенбі» науқаны шеңберіндегі игілікті жұмыстар Мақтаарал ауданында жалғасты.
Аманаттықтар қолға алған тазалық жұмыстары Мырзакент кентіндегі «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» саябағында өтті. Аудан әкімдігінің өкілдері мен партия белсенділері, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Айғақ Медиа» холдингінің директоры Дулат Әбіш бастаған БАҚ өкілдері мен өлкетанушылар, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, ел ағалары мен жастар аудан тұрғындарының сүйікті демалыс орны болып табылатын саябақта бас қоса отырып, осындағы көрнекті мемлекет қайраткері Қосман Қайыртайұылына арналған бюст-ескерткіші маңайын абаттандыруға қатысты.
Қоғамды ізгілікті істер жасауға шақыратын, туған өлкенін қадір-қасиетін білуге үндейтін, оның тазалығын қамтуға тәрбиелейтін бастаманың бұқаралық сипатқа ие болып жатқанына қуанатынын білдірген Мақтаарал ауданы әкімінің уақтыша міндетін атқарушы Бейсенбай Төребеков, осы іс-шараға қатысып, адамгершіліктің ерен үлгісін, азаматтық жауапкершіліктің өнегелі өрісін көрсетіп жатқан жерлестеріне және ауданға келіп жатқан қонақтарға шынайы ризашылығын білдірді. Қосман Қайыртайұлының қайраткерлік қасиетін айта отырып, топан судың зардабын тартқан аудан тұрғындарынің үйлерін қалпына келтіруде ел үшін атқарған жұмыстарын еске алды.
Айта кету керек, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқарған Қосман Қайыртайұлы Айтмұхаметов, 2020 жылы Мақтарал ауданында орын алған су тасқыны кезінде жарияланған төтенше жағдайда өңірлік штабтың жұмысына жетекшілік етті. Адал еңбегімен тұрғындардың қадір-құрметіне бөленген азамат, осы жұмыстарды атқару барысында, 57 жасында дүниеден озды.