Түркістан қаласында жаңа оқу жылы қарсаңында «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында облыстық дәстүрлі тамыз педагогикалық кеңесі өтті. Маңызды жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, білім саласының мамандары мен 1000-ға жуық педагог қатысты. 20 мыңнан астам ұстаз онлайн форматта қосылды.

Жиын алдында қатысушыларға инновациялық жобалар көрмесі ұсынылды. Мұнда мектептерге арналған цифрлық экожүйе, жасанды интеллектпен жұмыс істейтін оқушыға арналған алғашқы репетитор, психологиялық қолдау және кәсіби бағдар стартаптары таныстырылды. Сондай-ақ колледждер мен ЖОО жобалары ұсынылды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтап, білім саласындағы басым бағыттарды атап өтті. Оның айтуынша, биыл облыс бюджетінен 747,7 млрд теңге бөлінген, бұл — жалпы бюджеттің 55 пайызы. Түркістанда 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 99%-ға жетіп, республика бойынша ең жоғары көрсеткішке шықты.
Облыста 29 жаңа жайлы мектеп салынуда. Өткен жылы 13 мектеп ашылса, жыл соңына дейін тағы 16 мектеп іске қосылады. Сонымен қатар 115 мектепті жаңғырту жобасы үш жылда жүзеге аспақ. Биыл 100 мектеп күрделі жөндеуден өтуде.
Мектептерде бейнебақылау, турникет, дабыл батырмалары мен күзет жүйесі толық орнатылып жатыр. Бұл мақсатқа 2023-2024 жылдары 3 млрд теңге бөлінген.
Ваучерлік қаржыландыру жүйесі балабақшаларда іске қосылып, қаржының ашық әрі тиімді жұмсалуына жол ашты. Колледждерде дуалды оқыту күшейіп, 654 кәсіпорынмен келісім жасалған. Биылғы 15 500 білім беру грантының 9500-і жұмысшы мамандықтарға бағытталған.
Кеңес соңында білім беру саласына сүбелі үлес қосқан ұстаздар мен мамандар «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен және алғыс хаттармен марапатталды.