403 педагог «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының резервисі атанды

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының 403 резервисіне арнайы сертификат табыстады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылдан бастап Президенттік жастар кадрлық резерві үлгісінде бұл жобаны іске асырып келеді. Жобаның негізгі мақсаты – білім беру жүйесін жаңғыртуға, басқару тиімділігін арттыруға және оң өзгерістерді жүзеге асыруға қабілетті жаңа буын көшбасшыларын даярлау.

Жобаның қорытынды кезеңінде министр Жұлдыз Сүлейменова кадрлық резервке енген педагогтермен кездесті. Биыл 411 үміткер қорытынды бағалаудан өтіп, әңгімелесуге шақырылған болатын. Нәтижесінде 403 қатысушы резервке қабылданып, арнайы сертификаттарға ие болды.

Кездесу барысында министр білім саласындағы көшбасшылармен еліміздің білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыттарын талқылады. Ол соңғы жылдары мемлекет тарапынан білім сапасын арттыру, кадрлық әлеуетті күшейту, инфрақұрылымды жаңғырту және цифрландыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

– Білім жүйесін тиімді реформалау ең алдымен басшылық құрамның трансформациясынан басталады. Білім берудегі өзгерісті басқаруда үш негізгі фактор бар – құндылық, қабілет және әрекет. Мектеп басшылары трансформациялық, стратегиялық және ситуациялық көшбасшылық дағдыларды меңгеріп, білім беру ұйымдарын тиімді басқарудың жаңа тәсілдерін қолдана білуі қажет, – деді министр.

Сондай-ақ Жұлдыз Сүлейменова әрбір оқушының жеке қабілеті мен ерекшелігін ескере отырып, барлығына тең мүмкіндік жасау – қазіргі білім берудің басты талабы екенін айтты. Министр педагогтердің кәсіби дамуын қолдау мен мектеп мәдениетін адалдық пен жауапкершілік құндылықтарына негіздеудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Айта кетейік, Шымкент қаласынан 22 үздік педагог аталмыш жобаның жеңімпаздары қатарынан табылып, ресми түрде «Білім берудегі өзгерістердің көшбасшылары» атанды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *