Қазақстан жол саласында кадр тапшылығы тереңдеп келеді. “ҚазжолҒЗИ” АҚ дерегінше, 2024 жылы салаға 1,5 мыңнан астам маман жетіспейтіні анықталған. Инженерлер мен техниктерден бөлек, арнайы техника жүргізушілері, операторлар, зертхана қызметкерлері сияқты мамандық иелеріне де сұраныс жоғары.

Саладағы бұл олқылықты жою бағытында “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” РМК белсенді жұмыс жүргізуде. Соңғы жылдары орталық еліміздің түкпір-түкпірінде 8 мыңнан астам кәсіптік бағдар беру кездесуін ұйымдастырып, мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне жол саласының маңызын түсіндіріп келеді.
Осы бастаманың жалғасы ретінде орталықтың Шымкент қалалық филиалының қызметкерлері №25 жалпы орта мектепке арнайы барып, жоғары сынып оқушыларымен жүздесті. Кездесу барысында мамандар жол саласының қазіргі жағдайы, техникалық мамандықтардың еңбек нарығындағы орны және болашақтағы даму бағыттары жайында кең көлемде ақпарат берді.
Жоғары сынып оқушылары мамандарға өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауап алды. Олардың қызығушылығы мен белсенділігі жол саласына деген түсініктің артып келе жатқанын көрсетті.
Филиал қызметкері Нұрбол Нұрланұлы жастарға мамандық таңдаудың маңызын атап өтті:
“Біздің басты мақсатымыз – жастарды жол құрылысы саласына тарту.
Мамандық таңдау – өмірдегі ең маңызды шешімдердің бірі. Ол еңбек нарығындағы сұранысқа сай болуы керек. Қазіргі таңда Қазақстанның жол саласы жастарға тұрақты жұмыс, қолайлы еңбек жағдайы және кәсіби өсудің кең мүмкіндігін ұсынып отыр”, – деді ол.
Кәсіптік бағдар беру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Жолшылардың айтуынша, осындай шаралар жастарға дұрыс бағыт көрсетіп қана қоймай, елдегі инфрақұрылымдық жобалардың сапасын арттыруға да ықпал етеді.