Заң мен тәртіп – кез келген өркениетті қоғамның ажырамас құндылығы. Мемлекеттің мықтылығы тек экономикасымен емес, заңдарының әділ орындалуы, құқықтық мәдениеттің деңгейі және азаматтарының жауапкершілігімен өлшенеді. Егер қоғамда тәртіп пен әділдік сақталмаса, даму да, тұрақтылық та, сенім де болмайды.

Заң – мемлекет пен азаматтың арасындағы келісім секілді. Ол біздің құқықтарымызды қорғайды, міндеттерімізді айқындайды және ортақ тәртіпті нығайтады. Ал тәртіп – сол заңдардың күнделікті өмірде нақты жүзеге асуы. Заң бар, бірақ оны ешкім орындамаса, ондай ортада әділдіктің болуы мүмкін емес. Сондықтан заңның құндылығы оның қағазда емес, іс жүзінде орындалуында.
Қазіргі заманда заңға бағыну – жеке адамның ғана емес, бүкіл ұлттың мәдениетінің көрсеткіші. Әсіресе жол саласында, жол қауіпсіздігінде тәртіптің маңызы ерекше.
Жол қозғалысы ережелерін сақтау, сапалы жол құрылысы, белгі мен стандарттардың дұрыс қойылуы – бәрі заңмен бекітілген талаптар. Оларды орындау әрбір азаматтың және әрбір сала маманының жауапкершілігін қажет етеді. Жолдар қаншалықты сапалы салынса да, егер жүргізушілер тәртіп сақтамаса немесе жолдағы қауіпсіздік ережелерін елемесе, адам өміріне қауіп төнеді. Сондықтан жол саласында заңды құрметтеу – тек міндет емес, адам өмірін қорғаудың кепілі.
Тәртіп пен заңның сақталуы әділдікке жол ашады. Әділдік бар жерде сенім қалыптасады, ал сенім бар жерде қоғамда бірлік күшейеді. Заң алдында барлығының тең болуы құқықбұзушылықты азайтып, елдің тұрақты дамуына жағдай жасайды. Әділ сот, ашық мемлекеттік жүйе және жемқорлықсыз орта – барлық саланың, соның ішінде жол инфрақұрылымының да сапалы дамуына негіз болады.
Заң мен тәртіпке бағыну – қорқыныштан емес, сана-сезімнен туатын қасиет. Әр азамат тәртіп пен заңды сыйлауды өзінен бастағанда ғана жауапкершілік деңгейі артып, қоғамдағы тәртіп нығаяды.
Қорытындылай келе, заң мен тәртіп – жай ғана талаптар жиынтығы емес, мемлекетіміздің тірегі, қоғам тыныштығының, қауіпсіздігінің кепілі.
Медетова Меруерт Қалдарқызы,
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК ШЖҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының бас маманы