Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясын өткізді

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясын өткізді. Брифингіде Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму туралы баяндап, журналистердің сауалдарына жауап берді. Мегаполистегі білім беру саласындағы маңызды өзгерістер мен жетістіктер туралы мәлімдеді.

Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Шымкентте жоспарланған 17 300 орынды 12 мектеп толық пайдалануға берілді. Осылайша қаладағы үш ауысымды мектеп мәселесі түбегейлі шешімін тапты.

Сонымен қатар биыл бюджет есебінен 4 145 орынды 8 жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп, олардың екеуі пайдалануға берілді. Жергілікті бюджет есебінен 10 мектеп пен 1 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары толық жүргізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұрынғы Президент резиденциясын балаларға арналған сауықтыру лагеріне айналдыру жұмыстары аяқталып, нысан білім басқармасының балансына берілді. Бүгінде ғимарат қажетті жиһаздармен қамтамасыз етілуде.

Президент Жолдауында атап өтілген цифрландыру және жасанды интеллектті енгізу бағытында қалада білім беру саласында бірнеше жаңа жоба қолға алынды:

1. «Айқын» интеллектуалды жүйесі.
Барлық мектептің бейнебақылау жүйесі Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылып, қауіпсіздік, мектеп ішіндегі ахуал және оқушылардың сабаққа қатысуын бақылау автоматтандырылды.

2. «Әлеуметтік әмиян» жүйесі.
Мектептердегі тегін тамақтандыруды цифрлық бақылау арқылы 2 ай ішінде 460 млн теңге бюджет қаржысы үнемделді.

3. «Бір бала – бір орын» қағидаты.
Шығармашылық және спорттық үйірмелерге арналған ваучерлік жүйе енгізіліп, оның нәтижесінде 1,8 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделді, әрі үйірме сапасын бақылау айтарлықтай артты.

4. «QARQYN» цифрлық жүйесі.
Білім беру саласындағы ашықтықты күшейту мақсатында барлық ақпараттық платформалардың қаржыландыру процестерін бақылап, қадағалайтын жаңа жүйе іске қосылуда.

Бұл атқарылған жұмыстар Шымкент қаласының білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға, оқушылардың қауіпсіздігі мен сапалы білім алуына, сондай-ақ бюджет қаражатын тиімді басқаруға оң ықпал етіп отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *