Алып қашу: дәстүр ме, әлде қылмыс па?

Кейінгі кезде еркінен тыс қыз алып қашу оқиғаларын әлеуметтік желіден жиі көре бастадық. Құқық қорғаушылардың айтуынша, орын алған мұндай істің 90 пайызға жуығы медиациялық жолмен шешімін тапқан. Қыз алып қашу қылмыс па, әлде дәстүр ме? Тарқатып көрейік.
Дәстүр-белгілі бір халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салты, дүниетанымы мен мәдени құндылықтарының жиынтығы. Ол сонау ғасырлар бойы ата-бабадан ұрпаққа ауысып, қоғамның тұтастығын сақтауға қызмет етеді. Дәстүр арқылы халықтың тарихы, тілі, мінез-құлқы мен болмысы айқындалады. Сондықтан дәстүрді сақтау өткенге құрмет, болашаққа аманат. Алайда дәстүрдің де озығы мен тозығы бар. Мәселен, алып қашу – қазақ қоғамында ертеден белгілі болған, қызды жігіт жағының алып кетуімен байланысты салттың бір түрі. Бұл дәстүр әр кезеңде әртүрлі сипатта көрініс тапқан. Тарихқа көз жүгіртсек, кей жағдайда екі жастың келісімімен іске асса, енді бір жағдайда қыздың еркінен тыс орын алған оқиғалар да кездескен. Сондықтан алып қашу мәселесін біржақты қарауға болмайды. Соған қарамастан арнайы сұрау салғанымызда ер адамдардың көпшілігі қыз алып қашуды әлі күнге дейін дәстүр деп қабылдайтынын ұқтық.
«Алып қашу деген ата-бабамыздың кезінен келе жатқан дәстүр болған. Қазір мынау заман талабына сай көпшілігі өзінше қылмыс деп атап алды. Бұл бірақ әлде де қазақтың салтында бар дәстүр. Қазіргілердің өз түсініктері сондай. Қарап отсаң небір нәрсе шығып кетті. Мәхір дейді. Ол мәхір деген бұрын болған емес. Мәхірге көлік, үй деп жатыр… Бәрі дайын нәрсені сұрап, заманға қарай бұрып алған» — деді Мейрхан Алженбаев.
Ал Балтабек Күзетбекұлы «Ол баяғыда дүние аз болған кезде, яғни кедей адамдар алып қашатын. Бір жағы қыздар әке-шешесін шығындатпас үшін солай жасайтын. Бәрі келісіммен болады ондайда. Қазір көп адам олай келісе бермейді ғой. Заң барын біледі. Той жасап шығарып салады» — деген пікірде.
Иә, 21 ғасыр талабына сай дәстүрлердің өзгеріске ұшырап жатқанын көріп жүрміз. Расында да бойжеткенді өз еркінен тыс тұрмыс құруға мәжбүрлеу бұл дәстүрге жатады ма? Алып қашу қандай жағдайда қолданылғандығын Шымкент қаласының тұрғыны Кулима Жапбарқызы былай түсіндірді:
Уақыт өте келе бұл дәстүрдің мазмұны кете бастады. Қыздың еркінен тыс алып қашу – адам құқығын бұзу болып саналады. Қазіргі Қазақстан заңнамасы бойынша мұндай әрекет заң алдында жауапкершілікке алып келеді. Бұл жайында тергеу басқармасы бастығының орынбасары Сапарғали Мұхтарұлымен тілдескен болатынбыз:
— Алып қашу: дәстүр ме, әлде қылмыс па?
— Қыз алып қашу дәстүр емес, ол — қылмыс. Біздің ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр бар: отбасын құру мақсатында сырға салу, қыз ұзату, құда түсу дәстүрлері арқылы екі жастың некесін қиған. Қыз алып қашу 2025 жылдың 6 қыркүйек айынан бастап қылмыс ретінде Қылмыстық кодекске енгізілді.
— Алып қашу бойынша қандай бап қарастырылған?
— Қыз алып қашу Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 125-1 бабымен (некеге тұруға мәжбүрлеу) қарастырылған. Аталған қылмыстық құқық бұзушылық бойынша егер кәмелетке толмағанға, күш қолданып және адамдар тобы болып жасалған жағдайда 15 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
— Заң қай кезден бастап күшіне енгізілген?
— 2025 жылдың 16 шілдесінде Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңына ҚР Президентімен қол қойылды. Онда Қылмыстық кодекске құқық бұзушылықтардың жаңа құрамы енгізілді. Атап айтқанда некеге тұруға мәжбүрлеу Қылмыстық кодексінің 125-1 бабы енгізіліп, аталған Заң 16 қыркүйек 2025 жылдан бастап күшіне енді.
— Қыздардың «мені алып қашты» деп өтірік айту фактілері болды ма? Оны қалай анықтайсыздар?
— Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша өтірік айту фактілері тіркелген жоқ. Қыз алып қашу дерегі бойынша түскен хабарлама болған жағдайда, дер кезінде оқиға басына жедел тергеу тобы шығып, мән-жайды анықтайды. Мәжбүрлі түрде алып қашу болғанын қылмыстық іс аясында, тергеп-тексеру барысында анықталады.
Қыз алып қашу бойынша заң енгізіліп Қылмыстық кодекс өзгерді, ал ұлттық сана ше? Алып қашу дәстүр болып қалыптасып кеткен ұлт санасын қалай өзгертеміз? Соңғы мәліметтерге сүйенсек, қыз алып қашу бойынша жылына кемінде 5000-нан аса дерек тіркеледі екен. Ал оның 90%-ы сотқа жетпей, екі жақтың мәмілеге келуімен аяқталады. Бұл тіркелген деректер ғана, алайда белгісіз жерде беймәлім қалғандары қаншама…
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қыз алып қашу мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық пен масқара тірлік» — деді.
Қорытындылайтын болсақ, жағдайға бір жақты қарауға болмайды. Әр оқиғаның түп-тамырын терең зерттеп қана көз жеткізесің. Қалай десек те бойжеткенді мәжбүрлі түрде алып қашса, заң алдында жауапқа тартылуы тиіс.