Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровті қабылдады. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы есеп тыңдалды.

Кездесу барысында облыс әкімі өңірдің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері оң динамика көрсетіп отырғанын айтты. Оның мәліметінше, Түркістан облысының экономикалық өсімі 113,9 пайызды құраған. Сонымен қатар мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері 1 триллион теңгеге артқан.
Әкімнің айтуынша, 2025 жылы өңірге 1,7 триллион теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде 1,4 триллион теңгесі – жеке инвестиция. Ал тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,4 миллиард долларға жеткен.
Өткен жылы жалпы құны 340 миллиард теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Қазіргі уақытта облыста 21 индустриалдық аймақ жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ «Turan» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 315 миллиард теңгені құрайтын 26 жоба жүзеге асырылуда.
Ауыл шаруашылығы саласында да бірқатар ірі бастамалар қолға алынған. Атап айтқанда, мақта-тоқыма, жүгері және ет өндірісі бағытындағы кластерлер дамып келеді. Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда, 2027 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі қосымша 479,5 миллиард теңгеге артады деп жоспарланып отыр.
Әлеуметтік салада да оң өзгерістер байқалады. Соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге азайған. Сонымен қатар еңбекпен қамту шараларына 148 мың адам тартылып, өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құраған.
Кездесу барысында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет нысандарын салу, жол инфрақұрылымын дамыту, елді мекендерді газдандыру және ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру, ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласын дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.