Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов төрағалығымен қылмыстық-атқару жүйесінде (ҚАЖ) заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтті.

Жиынға Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаты, сондай-ақ ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, қаржы, денсаулық сақтау, ұлттық экономика, өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің басшылары қатысты.
Отырыс барысында 2025 жылғы 23 маусымда құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды. Атап айтқанда, ҚАЖ жүйесін реформалау, инфрақұрылымды жаңарту, сотталғандарды қайта тәрбиелеу және оларды қоғамға бейімдеу мәселелері талқыланды.
Қылмыстық-атқару жүйесінде заңдылықты сақтау, пенитенциарлық мекемелерді жаңғырту, медициналық қамтамасыз ету, сотталғандарды еңбекпен қамту және қайта әлеуметтендіру бағыттарына ерекше назар аударылды.

Алқа отырысында пенитенциарлық жүйеде азаптау фактілерінің айтарлықтай азайғаны атап өтілді. Мәселен, 2023 жылы 26 факт тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 3-ке дейін төмендеген.
Сонымен қатар шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру тәжірибесі жақсарған. Сотталғандарды еңбекпен қамту деңгейі 50%-дан 70%-ға дейін өсті. Ал пробация есебінде тұрғандар арасында қайталама қылмыс деңгейі 20%-ға төмендеген.
Алматы қаласында ҚАЖ комитеті жеке инвестордың қатысуымен халықаралық стандарттарға сай кәмелетке толмаған құқық бұзушыларға арналған мекеме салды.

Өңір әкімдіктерімен бірлескен жұмыс аясында түзеу мекемелеріндегі тұрғын үй-жайларға жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар олардың аумағында 12 өндірістік ангар салу жобасы жүзеге асырылуда.
Отырыс қорытындысы бойынша алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалды. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, жеке инвесторларды тарту арқылы ҚАЖ-дың жаңа мекемелерін салу жоспарланып отыр. Бұл ретте жобалар құнының 30%-дан аспайтын бөлігі мемлекет есебінен қаржыландырылып, қалғаны жеке инвестициялар арқылы жабылады және кейін өтеледі.
Құрылыс құнын төмендету үшін заманауи құрылыс материалдары мен қауіпсіздік технологияларын ескере отырып, қолданыстағы нормативтерді қайта қарау жоспарланған. Бұл өз кезегінде бюджетке түсетін жүктемені азайтып, сотталғандарды ұстау жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бас Прокурор заң бұзған азаматтар қоғамнан шеттетілмеуі тиіс екенін атап өтті. Мемлекеттің негізгі міндеті – оларды заңға бағынатын, қоғамға пайдалы азамат ретінде қайта қалыптастыру.
Қазіргі таңда елімізде 30 мыңға жуық сотталған бар, олардың әрбір үшіншісі бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтеген. Бір сотталғанды ұстауға мемлекет жылына шамамен 3 миллион теңгеге дейін қаржы жұмсайды.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, сотталғандарды еңбекпен қамту және тиімді әлеуметтік бейімдеу – қылмыстың қайталануын азайтудың маңызды тетіктерінің бірі.

Осыған байланысты Бас прокуратура заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды. Аталған ұсынысқа сәйкес қайта әлеуметтендіру функциялары жергілікті әкімдіктерге беріледі, ал бұл жұмысты үйлестіру Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құзыретіне жүктеледі. Бұл бастаманы министрлік қолдады.
Ұсынылған тәсілдерді іске асыру әлеуметтік бейімдеудің бірыңғай жүйесін қалыптастырып, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Жалпы, прокуратура органдары қызметінің негізгі бағыты – азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, құқық қорғау органдарының күш-жігерін үйлестіру және құқық бұзушылықтардың алдын алу болып қала береді.