Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің жас ғалымы, педагогика және психология мамандығы бойынша PhD докторы Атем Маржан Нұрланқызы “Жас ғалым” бағдарламасы аясында баспаналы болды.

Бұл — жас зерттеушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның нәтижесі. Маржан Нұрланқызы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бакалавриат, магистратура және докторантураны тәмамдап, педагогика және психология саласын терең меңгерген. Қазіргі таңда ол жас ұрпаққа сапалы білім беріп, болашақ мамандарды даярлау ісіне өз үлесін қосып келеді. Ғалымның зерттеу бағыттары білім беру сапасын арттыру, педагогикалық үдерісті жетілдіру мәселелерін қамтиды. Оның ғылыми еңбектері мен жарияланымдары отандық және халықаралық деңгейде танылып отыр.
—Жұмыс орнымнан қызметкер екенімді растайтын анықтама, яғни PhD докторы екенімді көрсететін жолдама берілді. Бағдарлама талаптары бойынша есепшот ашылып, «Отбасы банктен» кеңес алдым. Қажетті құжаттарды жинақтап, бағдарлама аясында 1 бөлмелі пәтер кілтін иелендім, дейді жас ғалым.
“Жас ғалым” бағдарламасы аясындағы бұл қолдау —зертетушілерге көрсетіліп жатқан үлкен сенімнің белгісі. Мұндай мүмкіндіктер ғылыммен айналысатын жастардың ынтасын арттырып, еліміздің зияткерлік әлеуетінің дамуына ықпал етеді. Атем Маржан Нұрланқызы алдағы уақытта да ғылым мен білім саласында белсенді еңбек етіп, отандық білім беру жүйесінің дамуына өз үлесін қоса бермек. Айта кетелік, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да аталған мемлекеттік бағдарламамен пәтер алған ғалымдар саны бүгінде 3-ті құрайды. Қазақстанда жас ғалымдарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы «Отбасы банкі» арқылы жүзеге асырылады. Бағдарлама ғылыми-зерттеу институттары мен ЖОО қызметкерлеріне төмен пайызбен (5%-дан бастап) несие алуға, 50% бастапқы жарнамен баспана алуға мүмкіндік береді. Оған ғылыми ұйымдарда немесе ЖОО-да қызмет ететін, тұрғын үйге мұқтаж ғылыми қызметкерлер қатыса алады.