Ашықтық пен жауапкершілік күшейеді

Мемлекет басшысы 2026 жылғы 12 маусымда №311-VIII ҚРЗ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Жаңа түзетулер мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, ашықтықты қамтамасыз ету және мүдделер қақтығысын болғызбау тетіктерін айтарлықтай күшейтеді.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық департаменттері сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі уәкілетті орган ретінде танылып, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қалыптастыру мен іске асыруды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту және жою мәселелерінде үйлестіруді жүзеге асырады.

Заңдағы басты жаңашылдықтарының бірі – лауазымды тұлғалардың жақын туыстары, жұбайлары мен жекжаттарының бір-біріне тікелей бағынысты қызметтерді атқаруына салынған тыйым. Заңның 14-бабына сәйкес, бұл шектеу мемлекеттік органдармен қатар ұлттық компаниялар мен олардың еншілес ұйымдарына да бірдей қолданылады. Тіпті ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда да, аталған талап бір жыл бойы өз күшінде сақталады. Егер мекемеде мұндай бағыныстылық фактісі анықталса, тараптарға үш ай ішінде жағдайды өз еркімен жоюға мүмкіндік беріледі, ал ауысу жүзеге аспаса, қызметкерлердің бірі жұмыстан босатылуы тиіс. Оңтайлы ерекшеліктер тек ауылдық жерлерде, шекаралық және жабық нысандарда тікелей бағыныстылық болмаған кезде ғана қарастырылған.

Сонымен бірге заңда мүдделер қақтығысын анықтау мен оны реттеудің айқын алгоритмі мен хабарлау тетіктері бекітілді. Мемлекеттік қызметшілерге жеке мүддесі бар мәселелер бойынша шешім қабылдауға, талқылауға қатысуға немесе үшінші тұлғалардың атынан өкіл болуға қатаң тыйым салынады. Әсіресе бюджет қаражатын бөлу, жобаларды іріктеу немесе жол құрылысындағы техникалық қадағалау сияқты жауапты салада жеке мүдде туындаса, лауазымды тұлға міндетті түрде жазбаша түрде өздігінен бас тартуы керек.

Мұндай жағдайда қызметкер мүдделер қақтығысы туындағаны туралы екі жұмыс күні ішінде өзінің тікелей басшысына, әдеп жөніндегі уәкілге, комплаенс-қызметке немесе кадр бөліміне жазбаша түрде хабарлауға міндеттеледі. Ал басшылық он жұмыс күні ішінде өкілеттіктерді қайта қарау немесе тапсырманы басқа маманға жүктеу бойынша шешім қабылдауға тиіс. Оған қоса, егер тексеру, ревизия немесе аудит барысында мүдделер қақтығысы салдарынан заңсыз келісімшарттар жасалғаны, актілер немесе шешімдер қабылданғаны анықталса, тиісті ұйымдар бұл материалдарды тиісті шара қолдану үшін тікелей сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі уәкілетті органға жолдауға міндетті болады.

Бұдан өзге, мемлекеттік немесе оған теңестірілген лауазымға жаңадан орналасқан немесе ауысқан азаматтар он бес жұмыс күні ішінде жеке мүдделері туралы декларация тапсырады. Бұл мәліметтер арнайы цифрлық кадр жүйесіне енгізіледі. Мүдделер қақтығысын жасырған немесе уақтылы хабарламаған тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылады, ал бұл жағдай заңсыз келісімшарттардың жасалуына немесе шешімдердің қабылдануына алып келсе, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылады немесе қызметінен босатылады.

Тұтастай алғанда, заңнамадағы бұл өзгерістер сыбайлас жемқорлық салдарымен күресуден гөрі, оның пайда болу себептері мен жағдайларын алдын ала жоюға бағытталған. Ашықтық пен есептілікті арттыратын бұл тетіктер мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттырып, қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайта түспек. Аталған басты өзгерістер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресми түрде қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *