Шымкент қаласында 2026 жылдың алғашқы алты айында жіті ішек инфекциясының 473 жағдайы тіркелді. Оның 316-сы 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Сонымен қатар есепті кезеңде дизентерияның 16 жағдайы тіркеліп, оның 13-і балалардың үлесіне тиесілі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Райымқұлұлы Ахметов мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, жаз мезгілінде ішек инфекцияларының таралу қаупі артатындықтан, олардың алдын алу мақсатында тұрғындар арасында санитариялық талаптарды сақтау, жеке бас гигиенасын ұстану және тағам өнімдерін қауіпсіз тұтыну жөнінде тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Жыл басынан бері тағамнан улану мен ботулизмнің алдын алу бағытында 60 семинар, 408 дәріс және 367 түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында 500-ден астам ақпараттық материал жарияланған.
Брифинг барысында қоғамдық тамақтану орындарында санитариялық талаптардың сақталуына ерекше назар аударылып отырғаны айтылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес эпидемиялық маңызы төмен нысандарда жоспардан тыс бақылау іс-шаралары заң талаптарына сәйкес жүргізілуде.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, ішек инфекцияларының басым бөлігі жеке бас гигиенасын сақтамау, сапасыз немесе дұрыс сақталмаған тағам өнімдерін тұтыну, сондай-ақ қайнатылмаған суды пайдалану салдарынан орын алады.
Мамандар тұрғындарды жеке бас гигиенасын сақтауға, тағам өнімдерін тиісті жағдайда сақтауға, сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікті таңдауға және санитариялық талаптарды қатаң ұстануға шақырды.