М. ӘЙТЕНОВ АЛЛЕЯЛАРДАҒЫ АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Биыл Шымкент қаласындағы бірқатар аллеяда абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Осыған орай қала әкімі Мұрат Әйтенов аллеяларды аралап, ондағы атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Шаһар басшысы алдымен 2006 жылы бой көтерген «Шәмші әлемі» аллеясына барды.

Аллеяның жалпы алаңы – 2,62 гектар. Мамандар тарапынан «Шәмші әлемі» аллеясына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде аллея ішіндегі жаяу жүргіншілер жолының  80 пайызынан астам плиталық төсеніштері жөндеуді қажет ететіні және сахна айналасындағы су бұрқақтың жабындары, темір бүріккіштерінің шірігені, талапқа сай күтіп ұстау жұмыстарын атқару мүмкін еместігі белгілі болған еді. Сондықтан қазір мұнда нысанның плиталық төсеніштерін толықтай жаңарту, суғару жүйесін алмастыру, көгалдандыру  және қосымша көркейту элементтерін орнату жұмыстары жүріп жатыр. Аталған жоба қазан айына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Кейіннен Мұрат Әйтенов абаттандыру жұмыстары аяқталған  «Чернобыль» сквері мен «Балалар темір жолының «Спорт» станциясын аралады. «Чернобыль» сквері 2004 жылы пайдалануға берілген. 2019 жылы скверін абаттандыру жұмыстарының сметалық құжаттары әзірленген. Осыған орай «жұмыспен қамту жол картасы» аясында қаржы бөлініп, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жоба бойынша плиталық төсеніштері толықтай жаңартылып, суғару жүйесін алмастырылды. Сондай-ақ, 29 жарықшам, 22 орындық, қоқыс жәшіктері орнатылған. 0,47 гектарды құрайтын сквер жаңа кейіпке еніп тамыз айында ел игілігіне берілді.

Ал  «Балалар темір жолының «Спорт» станциясының жұмыстары қыркүйекте аяқталды. Жобаға сәйкес қараусыз қалған станция аумағы көгалдандырылып, плиталық төсеніштер салынған. Қосымша жарықшамдар мен балаларға арналған спорт элементтері орнатылған. Сонымен қатар мұнда станциясның перрон аумағы, тұрғын емес ғимараттары және тепловоз тұрақтары талапқа сай абаттандырылған. Яғни стадион аумағына келіп, спортпен шұғылданушылардың демалысы үшін жағдайлар жасалған.

Айта өтсек, аллеялардағы абаттандыру жұмыстары кезінде 100-ден аса адам жұмыспен қамтылған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *