Бүгінде еліміздің бірқатар өңірінде қызылша белең ала бастады. Инфекциялық ауруды жұқтырғандар қазір Шымкент қаласының білім беру ұйымдары мен балабақшаларында да көбеюде. Жұқпалы дерттің таралуын алдын алу мақсатында бүгін қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловтың төрағалығымен штаб отырысы өтті.
«2023 жылдың наурыз айынан бері қала бойынша 4795 қызылшаға күдікті дерек тіркелген. Оның ішінде 2026 жағдайда диагноз расталды. Науқастар арасында 14 жасқа дейінгі балалар 86% құрайды, олардың 89,6%-дан астамы діни себептермен ата-анасының бас тартуына байланысты қызылшаға қарсы вакцина алмағандар. Қызылша ауруының өсу қарқыны биылғы жылдың қыркүйек айының ортасынан басталды», — деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков қала аумағындағы қызылша ауруы бойынша эпидемиялогиялық ақуалды баяндап, инфекцияға тосқауыл болатын тиімді жолдарды ұсынды.
Қызылша — вирустан туындаған әдеттегі қызылша вирустық инфекция. Ауруды оңай анықтауға болатын ерекше белгілері бар (бөртпе). Қызылша өте жұқпалы, ауа арқылы таралады. Инкубациялық кезең бірнеше аптаға созылады.
Қалай жұқтыруға болады? Инфекция ауа тамшылары арқылы беріледі. Науқаспен байланыста болған кезде (сөйлесу, түшкіру, жөтелу кезінде) бұрын қызылшамен егілмеген және ауырмаған адам 100% дерлік жұқтыруы мүмкін. Қызылша вирусы өте құбылмалы: қызылшаны науқаспен тікелей байланыста болмай, онымен бір үйде болу арқылы жұқтыруға болады. Бақытымызға орай, вирус тез өледі, сондықтан тұрмыстық заттар, ойыншықтар, киім-кешек арқылы жұқтыру мүмкін емес.
Жиын соңында қала әкімінің бірінші орынбасары жауаптыларға эпидемиямен күрес шараларын тиісті талаптарға сай атқарып, профилактикалық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.