Түркістан облысында көлеңкелі жер қойнауын пайдалану фактілерінің жолын кесу жұмыстары бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. Дегенмен жер қойнауын заңсыз пайдаланушылар қатары азаймай отыр. Өзен-көлдерден заңсыз құм, қиыршық тас қазып алып, сатып жүргендер қоршаған ортаға залал келтіруде,-деп хабарлайды Bozyq.kz.
Түркістан облысында пайдалы қазбаларды өндіретін 191 жер қойнауын пайдаланушы бар. Олар 84 келісімшарт және 107 лицензия негізінде жұмыс істейді. Басым бөлігі Сауран, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласының аумағында орналасқан. Келісімшарттық міндеттемелерін толық орындамаған және су қорғау белдеуінде орналасқан 16 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары тоқтатылды,-дейді жауаптылар.
Бірақ, заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу шаралары нәтижесінде жұмысы тоқтағандар тарапынан жолын кескен әкімдік өкілдеріне шағым жазушылар артқан.
– Өткен жылы маркшейдер маманымен облыстағы 100 жер қойнауын пайдаланушының өндіру аумақтарына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 63 кен аумағынан кемшілік анықталып, жалпы 5 млн. текше метр өнім кен орындары аумағынан тыс қазылғаны белгілі болды. Дегенмен Полиция департаменті тарапынан 12 қылмыстық іс қозғалып, бүгінгі күнге дейін аталған істер бойынша сараптама күтілуде деп созбалаңға салынып отыр. Алгоритмге сәйкес жұмыс тобымен «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жетісай ауданындағы жер учаскесінде «Жұмағұл» шаруа қожалығы тарапынан 2 жерден заңсыз құм қазу жұмыстары жүргізілгені анықталды. Аталған аумаққа маркшейдер маманымен топотүсірілімдік жұмыстары жүргізіліп, жалпы көлемі 7500 текше метр заңсыз құм қазылғаны анықталды. Келтірілген шығын көлемі маркшейдер маманы есебімен 31 млн. теңгені құрады. Басқарма тарапынан маркшейдер маманының түзілген қорытынды актілері Полиция департаментіне жолданып, ҚР Қылмыстық Кодекстің 334 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деді Түркістан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарма басшысы Нұржігіт Мырзахметов.
Айта кетейік, облыс аумағында бір жылда өткізілген 400-ден астам рейд жұмыстарының қорытындысымен өзен-көлдерден заңсыз құм, қиыршық тас қазып алып сатып жүрген 276 техника айыптұраққа қойылып, 31,8 млн. теңге айыппұл өндірілген. Рейд алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.