АНАЛАР КЕҢЕСІНЕ ОН ЖЫЛ

Бүгін еліміздің үшінші мегаполисі Шымкент қаласына Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық Аналар кеңесінің төрайымы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Нәзипа Шанаи іссапармен келді.


Алдымен Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «Аналар» мектебінің ашылу салтанатына қатысқан Нәзипа Ыдырысқызы мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсенкүл Боповаға арналған «Қызмет және құрмет» көрмесімен, ұлттық құндылықтарға негізделген үйірме жұмысымен және Өзбекәлі Жәнібеков орталығымен танысты. «Жүйелі отбасылық психотерапиясы» психологиялық тренингі мен «Күй құдіреті» атты іс-шараға қатысты.
«Достық үйінде» қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшелерімен кездескен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық Аналар кеңесінің төрайымы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Нәзипа Шанаи Аналар кеңесінің қызметі туралы жан-жақты баяндап берді.
– Шымкентке келудегі мақсатым – он жыл бойы Аналар кеңесі атқарған жұмыстың қорытындысын шығарып жатырмыз. Былтыр өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз қоғамды жайлап бара жатқан әлеуметтік кеселдер туралы айтқан болатын. Дәл сол проблема Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында қайта көтерілді. Осы тұрғыда нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуде Аналар кеңесіне ауқымды жауапкершілік жүктеліп отыр, – деді Нәзипа Ыдырысқызы.
Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлова модераторлық еткен жиында Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева сөз сөйлеп, Аналар кеңесі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Келер жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай өткізілетін негізгі іс-шаралар мен «Салауатты сана» жобасы аясында атқарылар жұмыс жайын талқылады.
– Аналар кеңесі бүгінде ел аумағында мыңдаған ардақты ананың басын бір арнаға тоғыстырған ірі қоғамдық құрылым болып табылады. Негізгі міндеті – отбасы және ана институттарын нығайту арқылы қоғамдық келісім мен ел бірлігін қамтамасыз етуді көздеген кеңес Қазақстан халқы Ассамблеясы мақсаттарын іске асыруға жәрдемдесу, отбасылық құндылықтарды тарату жөніндегі шараларды жүзеге асыруға айрықша атсалысып келеді, – деді Гүлжан Дәулетбекқызы.
Кездесу барысында Аналар кеңесінің қызметіне белсенді атсалысып жүрген бірқатар аналар Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаидың және Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы А.Жұмағұлованың Алғыс хаттарымен марапатталды.
Айта кетейік, Аналар кеңесі – Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы қоғамдық құрылым болып табылады. Кеңес – Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени бірегейлігін қалыптастыру және тәрбиелеу жөнінде жұмыстарды ұйымдастыру, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайту және сақтау бағытында қоғамдық негізде жұмыс істейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *