Саясиланған індет: Коронавирусты АҚШ таратқан ба?

Коронавирустың қауіпті де күдігі де көп. Адамзат қазір жеткен ғылымның күшімен тізгіндеу қиын, таралуы тез жаңа вирустың жекелеген адам ғана емес, тұтас адамзат өркениетіне қауіп пен күдікті қатар алып келді. «Қайдан, қалай таралды?» деген сұрақтар өз алдына, табиғи пайда болған немесе табиғаттың өзінде бар вирус па әлде қолдан жасалған құбыжық па деген сұрақтар да көп. Оның үстіне әлемдік гео-саяси тұрақсыздықтар көбейіп, елдер арасында түсіністіктен көрі қайшылық асқынып тұрған тұста осындай бір алапат індеттің пайда болуы да көзқарақты жұртты күдікке қарай жетелеп жатыр,-деп хабарлайды Qazaq Times — ақпараттық, қоғамдық-саяси порталы. 

Осы коронавирус тараудың алдында болған ғаламның геосаяси құбылыстарын еске түсірсек аз болмаған күдікті жайттарды қазып алар едік. Санамалай айта кетейік, тарихи үрдіске айналған АҚШ (Батыс елдері деп айтуға да болады) пен Ресей арасындағы астыртын аңдысулар; Алшақтай түскен АҚШ-Еуропа қатынасы; Орта Шығыстағы түрлі оқиғалар, соның қатарындағы Сүрия мен Ирак, өзге де араб елдеріндегі күшейіп келе жатқан қайшылық; Ауғанстан жағдай; Шығанақ жанжалдары және сауда соғысы. Егер осыларды бірден тізіп айтар болсақ, ғаламдық геосаяси дағдарыстың картасын жасауға да болады. Бірақ, бұған сәл кейінірек тоқталамыз.

Global Times не дейді?

Аталған індет алғаш тараған Қытай елінде инфекция тізгінделіп, ел қалыпты жұмыс тәртібіні біртіндеп көше бастағаны мәлім болды. Керісінше, өзге елдерде, әсіресе Еуропа елдерінде індет асқына түсті. Соңғы күндері Қытайға қарасты түрлі басылымдар (қатарында Global Times басылымы да бар) коронавирустың шығуын АҚШ-пен байланысты деген мәліметтерді тарқата бастады. Global Times басылымы бұдан сәл бұрын Ақ үйдің ресми интернет парақшасына жарияланған петицияны алға тарта отырып, Пентагонға қарасты жұқпалы індеттерді зерттеу лабораторияларындағы мәліметтерді ашыққа шығаруды талап етті. Былай қарағанда байқала бермес, дегенмен бұл талап етудің салмағы ауыр. Себебі, бұл әлемді үрейге салған жұқпалы індетке АҚШ-тың жауапкершілігі бар дегенге саяды.

Аталған басылым Пентагон басқаруындағы жұқпалы індеттерді зерттеу лабораториялары арасында Форд Детрик атындағы лабораторияны көбірек атайды. Себебі, бұл лаборатория туралы бірқатар мәліметтер өшірірлгені мәлім, ең маңыздысы аталған лабораторияның жабылуы туралы мәліметтер түгелдей жоғалған. Лабораторияның жабылуы мен індеттің таралуы арасында қандайда бір қатысы бар дегенді айтады Global Times басылымы.

Хабарға қарағанда, Қытайдың арнайы эксперттері, оған қоса көптеген зерттеушілері америкалық Форд Детирк лабораториясының жаңа коронавирустың таралуына қатысы бар деген мәселені зерттеу үстінде.

Шынын қуғанда, АҚШ пен Қытай арасындағы қайшылық осы мәселелердің нақты жауабын табуға кедергі келтіреді. Тараптар қандай да бір жағдайларға байланысты бір-бірін айыптап жататыны белгілі. Қытайды «вирус соғысын ашты» деген мәліметтер де өз кезегінде АҚШ-тан бастап тарағаны анық. Кімнің қандай ойын ойнап, кімнің шынайы сөйлеп отырғанын білу қиын. Бір анығы – Қытай қазір АҚШ-ты коронавирусты саясиландырды дегеннен өтіп, коронавирус АҚШ-тан бастап тарады дегенді айтуға көшті. Осы арада ескерте кетпей болмас, аталған Global Times басылымы ағылшын тіліндегі ықпалды басылым болғанымен Қытайға тиесілі.

«Уханға барған америкалық жауынгерлер»

Тағы бір жайтты айта кетейік, осыдан бұрын қытайлық дипломат Жау Лижиян «Уханға вирусты АҚШ әскерлері алып келді» деген сөзді өзінің «Твиттер» парақшасында ағылшын және қытай тілдерінде жариялаған еді. Алайда, ол бұл туралы ешқандай факт көрсетпейді, ешбір дәлелді алға тартпайды. Сүйте тұра бір елдің дипломатының аузынан мұндай күдікті сөздің шығуы кісіні ойландырмай қалмайды.

Қытай дипломатының вирусты АҚШ әскерлері алып келуі мүмкін деген сөзін өзімізше талдап көрелік. Оның бұлай деуіне қазан айында Ухан қаласында бірқатар елдің қатысуымен әскери ойындардың додасы себеп болды. Додаға Пентагон 17 команданы және 280 спортшыны қатыстырған. Ал, тәж вирусы ашыққа шыққаннан кейін АҚШ-тың Оңтүстік Кореядағы және Италияда орналасқан әскерилері арасынан коронавирусқа шалдыққан жауынгерлер анықталды. Бірақ, індетке шалдыққан жауынгерлер Уханға барған командамен де еш қатысы жоқ екені мәлім болып отыр.

Қытай дипломатының бұл мәлімдемесі Құрама Штат үкіметінің шамына тиді. АҚШ-тағы Қытай елшісі түсінік беруге шақырылды. Коронавирусқа байланысты онсыз да кірбең күйдегі АҚШ-Қытай қатынасы тіпті де терең қайшылыққа қарай бет бұрғандай.

Күдікке жол ашатын сәйкестіктер

Коронавирус туралы ел күдігіне себеп көп. Солардың ішінде мына бір сәйкестіктерді қадағаламай болмайды. Қытайдан басталған індет әлемнің көптеген еліне таралды. Оңтүстік Корея мен Жапония, Тайланд елдерінде вирустың тарап кетуі өте табиғи, Қытайға жақын және тығыз сауда қатынасы. Бұларды есепке алмағанда коронавирус таңдап тұрып Құрама Штаттарға «ұнамайтын» елдерге тарағанын көреміз. Айталық, ең әуелі сауда соғысында екі жылға жуық қарсыласқан Қытай; Американы жау санайтын, ағылшын ережесімен ойын жүргізгісі келмейтін Орта Шығыстағы Иран; Еуропаны біртіндеп АҚШ-тан алыстатып, ағылшын әлемінен бөліп алып бара жатқан Германия мен Франция, оған қоса ЕО елдері арасында Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын ең алғаш қолдаушы Италия қатарлы елдерде індет жағдайы ауыр болды.

Коронавирус екі жылға созылған АҚШ-Қытай сауда соғысынан кейін тараптар алғашқы сауда келісіміне келе салысымен басталды. Алғашқы келісімдерге қол қойылып, Қытай АҚШ-тың мол тауарын қабылдауға келіскеннен кейін басталды. Бірақ, тараптар алдағы ішкерілей келісім жасасуы керек болған. Және бұл келісім Қытай үшін теңсіз келісіммен бірдей болар еді де, Қытайдың қазіргі басшысы Ши Жинпиңның алға қойған жоспарларын түгелдей іске асырмай тастар еді. Бұл дағы күмән-күдікке бастайтын бір жайт.

Әрине, АҚШ-қа одақтас елдерде де індет жайлап, ауыртпалық салғаны рас. Алайда, салыстырмалы жоғарыда аталған елдер көбірек зардап шегіп жатыр. Сонымен бірге, ғылым-техникасы дамыған, экономикасы көшбасшы АҚШ-тың індетке қарсы препарат тауып шығуы да заңдылық болар, дегенмен бұның астарындағы сауда да санаға сан түрлі ойды салары шын.

Сонымен

Сонымен, қай елдің көбірек саясиландырып, қай елдің көбірек пропагандаға барып жатқанын тап басып табу қиын. Дегенмен, Уашингтон мен Бейжіңнің бір-бірін кезек айыптап жатқаны тегін емес. Дамыған ғылым әлі күнге емін таппай отыр деген осы бір алапат індеттің табиғи вирус әлде жасанды індет екеніне де талас көп. Мейлі, бұл індет Құдайдан келсе де, әлде Қытайдан келсе де, немесе ала байрақты Америкадан келсе де, бұл әлемге күшті ықпал етті. Экономиканы ойсыратып, санатты елдерді сансыратты. Осыдан кейін дүние жаңа тәртіпке қарай бет түзеп, әлем қайта бөліске салынуы да ғажап емес.

 

www.qazaqtimes.com

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *