Түркістан облысында жастар арасында зияткерлік қабілетті дамытуға бағытталған «AL-FARABI» интеллектуалды ойынының финалдық кезеңі өтті. Ауқымды білім сайысын облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырды.
Шараға облыстың барлық аудан-қалаларынан 200-ге жуық команда қатысып, 1000-нан астам жас қамтылды. Іріктеу кезеңінен озып шыққан 10 үздік команда финалда өзара бақ сынады.
Финалдық кезеңге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, байқаудың жастар үшін маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар жеңімпаздар мен жүлдегерлерді салтанатты түрде марапаттады.
Тартысты өткен білім сайысы нәтижесінде:
- І орынды – «Жастар рухы» командасы жеңіп алып, 1 000 000 теңге көлеміндегі бас жүлдеге ие болды;
- ІІ орынды – «Сайрам» және «11 колледж» командалары бөлісіп, әрқайсысы 500 000 теңгеден сыйақы алды;
- ІІІ орынды – «Конина power» және «Уран city» командалары иеленіп, 300 000 теңгеден марапатталды.
Бұдан бөлек, «Үздік ұжым», «Үздік білімгер», «Үздік жауап», «Үздік белсенді топ», «Үздік топ басшысы» аталымдары бойынша номинация иегерлеріне 100 000 теңгеден, ал 15 командаға 50 000 теңгеден ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Жобаның басты мақсаты – дарынды жастарды қолдау, олардың танымдық қызығушылығын арттыру арқылы білім деңгейін көтеру, зияткерлік орта қалыптастыру, шешендік қабілеттері мен азаматтық белсенділігін дамыту.