ОҚПУ-да студенттік ұйымдар мен үйірмелер жәрмеңкесі өтті

Шымкенттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде студенттік ұйымдар мен үйірмелер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Студенттер аллеясында өткен іс-шара жастардың шығармашылық әлеуетін танытуға, қоғамдық белсенділігін арттыруға және университет өміріне араласуына мүмкіндік берді.

Жәрмеңкенің ашылуында университеттің Басқарма төрағасы – ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Рахымұлы студенттік ұйымдардың жастардың тұлғалық қалыптасуындағы рөліне тоқталды.

«Студенттік ұйымдарға белсенді қатысу – жаңа достар табумен қатар, көшбасшылық қабілетті дамытып, жауапкершілік пен шығармашылықты қалыптастыруға мүмкіндік беретін орта. Университетіміздің басты құндылығы – білімді, бәсекеге қабілетті, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын жастар. Студенттердің бастамалары мен идеяларын жүзеге асыруға әрдайым қолдау көрсетіледі», – деді ректор.

Іс-шара барысында сегіз студенттік ұйым өз қызметін таныстырды. Олардың қатарында «Алқа» әдеби бірлестігі, «Бірлік» этносаралық достық ұйымы, «Жалын» студенттік ұйымы, «Қазақстан студенттер альянсы», «Жарқыра» сахналық өнер ұйымы, «Enactus» жас кәсіпкерлер ұйымы, «Болашақ» пікірсайыс орталығы және «Шексіз үміт» волонтерлік ұйымы бар.

Әр ұйым өз бағытына сай жұмысын таныстырып, студенттерге ұсынатын мүмкіндіктерін көрсетті. Көрермендер ән мен биді, флешмобтарды, мюзиклдер мен пародиялық қойылымдарды тамашалады. Сонымен қатар «Ақбаян» сән театры «Жігерлі жастар» топтамасын ұсынып, сән саласындағы шығармашылық жұмыстарын көрсетті.

Студенттік ректор Нұрзат Жұманның айтуынша, жәрмеңкенің мақсаты – жастардың қызығушылықтарын анықтап, қабілеттерін дамытуға ықпал ету. Оның сөзінше, ұйымдардың жұмысымен танысу студенттерге университет өміріне белсенді араласуға мүмкіндік береді.

Іс-шара соңында белсенді қатысушыларға демеушілер атынан сыйлықтар мен сертификаттар табысталды.

Жәрмеңке студенттік ұйымдардың қызметін таныстырып қана қоймай, жастардың өз қызығушылықтарына сай орта тауып, шығармашылық және қоғамдық бастамаларға қатысуына жол ашты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *