Жас таланттарға арналған лагерь жыл бойы жұмыс істейді

Шымкентте білім мен ғылымда, спорт пен өнерде топ жарған оқушылардың басын қосатын ерекше лагерь бар. Жыл он екі ай жұмыс істейтін орталық жас таланттардың қабілетін шыңдап, зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дарынды балаларға жасаған сыйы ретінде табысталған нысан бүгінде үздік оқушылардың басын қосатын маңызды білім беру алаңына айналған.

Лагерь Шымкент қаласындағы дендросаябақ аумағында орналасқан. Ол қалалық Білім басқармасына қарасты №2 Оқушылар сарайының құрылымына кіреді. Мұнда пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобаларда, шығармашылық байқауларда, спорттық және мәдени жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен 7–10-сынып оқушылары қабылданады.

Әр ауысымда 30 оқушы қамтылып, балалар 12 күн бойы мазмұнды демалыспен қатар, танымдық және білім беру бағдарламаларына қатысады.

Бағдарламалар олардың білім көкжиегін кеңейтіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылығын арттыруға және түрлі деңгейдегі байқауларға тыңғылықты дайындалуына бағытталған.

Мұнда оқушылардың тиімді демалып, жан-жақты дамуына барлық жағдай қарастырылған. Лагерь аумағында бассейн, тренажер залы, кітапхана жұмыс істейді. Сонымен қатар білім беру және шығармашылық үйірмелер ұйымдастырылып, мәдени-танымдық іс-шаралар мен концерттік бағдарламалар өткізіледі.

Биыл лагерьде 14 ауысым өткізу жоспарланған. Осылайша, жыл соңына дейін 420 дарынды оқушыны қамту көзделіп отыр. Бұл – қаладағы дарынды балаларды қолдау мен олардың әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстардың маңызды көрсеткіші.

Жас таланттардың білімін тереңдетіп, шығармашылығын шыңдауға бағытталған лагерь оқушыларға жаңа орта қалыптастырып қана қоймай, өз қабілетін танытуға, тәжірибе алмасуға және үлкен жетістіктерге ұмтылуға жол ашады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *