Әуезов университетінде «Жастар гүлзары» ашылды

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде студенттердің бас қосып, пікір алмасуына және жаңа бастамаларын жүзеге асыруына арналған «Жастар гүлзары» ашылды. Салтанатты шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы және университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Төлеген қатысты.

Алғашқы болып сөз алған Сәрсен Құранбек университет ұжымын ұлттық мәртебе алуымен және жаңа демалыс орнының ашылуымен құттықтады. Ол жастарға артылар үміттің зор екенін атап өтіп, студенттерді сапалы білім алуға, ел мүддесі жолында еңбек етуге және өздеріне артылған сенімді ақтауға шақырды.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы университетке ұлттық мәртебе беру туралы шешімді жоғары бағалап, білім ордасының алдағы дамуына сәттілік тіледі.

Ал университет ректоры Мұхтар Төлеген оқу ордасын Орталық Азиядағы жетекші білім беру хабына айналдыру бағытында ұжым болып жүйелі жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Оның айтуынша, «Жастар гүлзары» студенттердің еркін пікір алмасып, тың идеяларын ортаға салатын, бастамаларына қолдау табатын сүйікті орнына айналуы тиіс.

Жаңа демалыс орны студенттердің қуанышына бөленді. Олар университет басшылығына алғыстарын білдіріп, салтанатты шара қонақтарына құрмет көрсетті.

Іс-шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ағаш отырғызу рәсімімен жалғасты. Құрметті қонақтар мен университет жастары гүлзар аумағына көшеттер отырғызып, қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты аялаудың үлгісін көрсетті.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өткен III Халықаралық стратегиялық серіктестер форумында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетіне ұлттық мәртебе берілетінін мәлімдеген болатын.

Бұл шешім – оқу орнының көпжылдық тәжірибесіне, ғылыми әлеуетіне және елдің білім беру саласына қосқан үлесіне берілген жоғары баға. Жаңа мәртебе университеттің ғылым мен білім саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті ғылыми-білім беру орталығына айналуына тың серпін береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *