E-Joldar: енді әр жолдың өз цифрлық тарихы болады

Қазақстанда автомобиль жолдарының құрылысы, жөнделуі және сапасын бақылау туралы ақпаратты біріктіретін E-Joldar бірыңғай цифрлық платформасы әзірленіп жатыр. Жобаның мақсаты – жол инфрақұрылымы туралы мәліметтерді бір жүйеге жинақтап, оларды мемлекеттік органдарға, сала мамандарына және азаматтарға қолжетімді ету.

Қазіргі уақытта платформаға республикалық маңызы бар 41 мың шақырымнан астам автомобиль жолы туралы деректер енгізілген. Жоба аясында жол саласындағы 12 ақпараттық жүйені біріктіру жоспарланған.

Әр жолдың цифрлық тарихы қалыптасады

E-Joldar платформасында әрбір жол учаскесінің жеке цифрлық тарихы сақталады. Онда жолдың сипаттамасы, жүргізілген жөндеу жұмыстары, мердігер ұйымдар, пайдаланылған материалдар мен зертханалық сынақтардың нәтижелері қамтылады.

Мәселен, белгілі бір жол учаскесі мерзімінен бұрын бұзылса, оның қашан жөнделгенін, қандай материал қолданылғанын, зертханалық тексеру нәтижелерін және жұмысты қай мердігер орындағанын анықтауға мүмкіндік болады. Бұл ақаулардың себептерін талдауға және жол сапасын бағалауға негіз болмақ.

Зертханалық бақылау мен халықтың өтініші ескеріледі

Платформа KazRoadLab, RoadIQ және Sapar сияқты қолданыстағы ақпараттық жүйелермен біріктіріледі. Атап айтқанда, KazRoadLab арқылы жол материалдарының сапасы мен зертханалық сынақ нәтижелері туралы мәліметтер енгізіледі. Ал RoadIQ жолдардың жағдайын бағалап, жөндеуді қажет ететін учаскелерді анықтауға көмектеседі.

Сонымен қатар E-Joldar жүйесін e-Otinish платформасымен интеграциялау көзделген. Бұл тұрғындардың жол сапасына қатысты өтініштерін нақты учаскелермен байланыстырып, оларды техникалық тексеру нәтижелерімен салыстыруға мүмкіндік береді.

Жөндеу жұмыстары нақты қажеттілікке қарай жоспарланады

E-Joldar жинақталған деректер негізінде жөндеуді қажет ететін жолдарды басымдыққа қарай анықтауға көмектеседі. Бұл ретте жол жабынының жағдайы, көлік қозғалысының қарқындылығы және бұрын жүргізілген жұмыстар ескеріледі.

Осылайша бюджет қаражатын бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін учаскелерге бағыттауға мүмкіндік туады.

Платформа қарапайым пайдаланушыларға да пайдалы болмақ. Оның көмегімен жолдардың жағдайы, жөндеу жұмыстары және бағыт бойындағы жанармай құю бекеттері, демалыс орындары мен тамақтану нысандары туралы ақпарат алуға болады.

Қазіргі уақытта E-Joldar платформасы әзірлену үстінде. Оны 2027 жылдың жазында іске қосу жоспарланған. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда жол саласындағы ақпараттың ашықтығы артып, құрылыс пен жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау және қаражатты тиімді жоспарлау мүмкіндіктері кеңейеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *