Білім. Бағдар. Болашақ: Шымкент түлектері бас қосты

Шымкенттегі «Қызғалдақ» сарайында «БІЛІМ. БАҒДАР. БОЛАШАҚ» тақырыбындағы ашық есік күні өтті. Ауқымды шараға Шымкент қаласындағы мектептердің 2 150 оқушысы қатысты. Олардың арасында «Алтын белгі» иегерлері мен үздік аттестатқа үміткер 500-ге жуық түлек бар.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі және Мұхтар Әуезов атындағы университет бірлесіп ұйымдастырды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай өткізілген кездесудің негізгі мақсаты – жастарға жоғары білім беру мүмкіндіктерін таныстыру, кәсіби бағдарын айқындауға көмектесу және ғылым мен білімге қызығушылығын арттыру.

Жиында сөз алған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру ел дамуының басты шарттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі жас буын заман талабына сай білім алып қана қоймай, озық технологиялар мен инновацияларды меңгеруге ұмтылуы керек. Бұл – елдің адами капиталын арттырудағы маңызды қадам.

Университеттің Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Төлеген де жастарға жасалып жатқан мемлекеттік қолдаудың маңызына тоқталды. Ол Мемлекет басшысының білімді ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған бастамаларын атап өтіп, талапкерлерді берілген мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға, еңбекқорлық пен жауапкершілікті өмірлік ұстаным етуге шақырды.

Ашық есік күнінің негізгі бөлігі талапкерлерге арналған ақпараттық кездесулерге ұласты. Қатысушылар ҰБТ форматы, мемлекеттік білім грантын тағайындау тәртібі, жоғары оқу орнына қабылдау талаптары және мамандық таңдау мәселелері бойынша жан-жақты мәлімет алды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев ҰБТ жүйесіндегі ерекшеліктер мен жоғары білім беру саласындағы жаңашылдықтарды түсіндірді. Ал 15 жылдық тәжірибесі бар педагог, кәсіби бағдар беруші әрі коуч Омарбек Көшкімбайұлы мамандық таңдауда жеке қабілет пен қызығушылықты ескерудің маңызын айтты. Сонымен қатар мемлекеттік білім грантын иеленуге қатысты талапкерлерге практикалық кеңестер берді.

Шара барысында Auezov Quiz зияткерлік ойындарының жеңімпаздары қаржылай сыйақымен марапатталды. Сондай-ақ кәсіби бағдар беру ісінде университетпен әріптестік орнатып, үздік оқушыларды даярлауға үлес қосқан мектеп және колледж басшыларына «Мұхтар Әуезов» төсбелгісі табысталды.

Кездесу университет студенттерінің шығармашылық бағдарламасымен жалғасты. «Қарагөз» би ансамблі өнер көрсетіп, «Мадмуазел» жайдарман командасы көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұдан бөлек, мектеп оқушылары арасында зияткерлік сайыстар ұйымдастырылып, білімділігі мен тапқырлығын танытқан жеңімпаздар ректор атынан бағалы сыйлықтарға ие болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *