Шымкенттік 43 студент республикалық WorldSkills чемпионатында бақ сынайды

Астана қаласында 23–30 қараша күндері техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері арасында «WorldSkills Kazakhstan 2026» XI республикалық кәсіби шеберлік чемпионаты өтеді.

Биылғы чемпионатқа еліміздің 20 өңірінен 1500-ден астам қатысушы мен сарапшы жиналып, 42 құзыреттілік бойынша өзара бақ сынайды.

Аталған додада Шымкент қаласының намысын 34 құзыреттілік бойынша 43 студент қорғайды. Олардың барлығы – «WorldSkills Shymkent 2026» қалалық чемпионатының алтын жүлдегерлері.

Республикалық жарыс қарсаңында, 16 қараша күні Жол-көлік колледжінің базасында студенттер мен сарапшыларға арналған психологиялық қолдау тренингі ұйымдастырылды.

Кездесу барысында чемпионатқа дайындық барысы, ұйымдастыру мәселелері және қатысушыларға көрсетілетін қолдау шаралары талқыланды.

Ал Психологиялық қолдау орталығының мамандары студенттермен арнайы тренингтер өткізіп, олардың өзіне деген сенімділігін арттыруға, қобалжуды жеңуге және эмоционалдық тұрақтылығын қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізді.

Психологиялық дайындық – кәсіби шеберлікпен қатар, үлкен додада нәтижеге жетудің маңызды алғышарттарының бірі.

Енді Шымкент студенттері республикалық чемпионатта өз білімдері мен біліктіліктерін дәлелдеп, қаланың намысын қорғайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *