Тараз қаласында өткен «INNOVATION AI HACKATHON – 2026» республикалық чемпионатында Шымкент қаласының Политехникалық колледжінің студенттері жүлделі орынға ие болды. Жасанды интеллект пен ақпараттық қауіпсіздік саласындағы жобалар сынға түскен байқауда шымкенттік студенттер II орын иеленді,-деп хабарлайды Bozyq.kz тілшісі Шымкент қаласы білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жамбыл инновациялық жоғары колледжінде ұйымдастырылған чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен қатысушы жиналды. Олардың қатарында студенттер, жас зерттеушілер және жасанды интеллект пен ақпараттық қауіпсіздік бағытында жұмыс істейтін әзірлеушілер бар.
Байқауда Шымкент қаласының Политехникалық колледжінен 3-курс студенттері Шахмурад Иристаев пен Вадим Булындин бақ сынады. Жетекшісі Айдана Бердібаеваның қолдауымен олар «AIITSolutions» бағыты бойынша өз жобаларын таныстырды.
Студенттер ұсынған «QauipsizAI 360 — Интеллектуальная система контроля безопасности на производстве» жобасы өндіріс орындарындағы еңбек қауіпсіздігін бақылауға арналған. Жоба жасанды интеллект технологиялары арқылы жұмыс барысындағы қауіп-қатерлерді анықтап, ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алуды көздейді.
Жоба авторлары өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау мен тәуекелдерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік беретін интеллектуалды жүйенің жұмыс істеу тетіктерін таныстырды.
Чемпионат қорытындысы бойынша Шахмурад Иристаев пен Вадим Булындин II дәрежелі дипломмен марапатталды. Осылайша, Шымкент қаласының Политехникалық колледжінің студенттері республикалық деңгейдегі байқауда өз жобаларын сәтті қорғап, жүлдегер атанды.
Айта кетейік, «INNOVATION AI HACKATHON – 2026» жасанды интеллект пен ақпараттық қауіпсіздік саласындағы жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеуге бағытталған. Чемпионат аясында қатысушылар өз жобаларын ұсынып, инновациялық идеяларын тәжірибе жүзінде көрсетуге мүмкіндік алды.