Шымкент қаласындағы Достық үйінде «Бірлік пен келісім – ел тұрақтылығының негізі» тақырыбында кездесу өтті. Жиында жаңадан құрылған Қазақстан Халық Кеңесінің қызметі мен міндеттері, ел бірлігін сақтау, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайту мәселелері талқыланды.

Бүгінде Шымкентте 100-ден астам этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп келеді. Қалада 15 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Басқосуға олардың жетекшілері мен қоғамдық құрылымдардың өкілдері қатысып, Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында белгіленген міндеттер мен алдағы жұмыс бағыттарын талқылады.

Жиынды ашқан қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек кездесудің негізгі мақсатына тоқталып, этномәдени бірлестіктер өкілдерімен пікір алмасудың және олардың ұсыныстарын тыңдаудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ қоғамда көтеріліп жүрген мәселелерді бірлесе талқылап, шешу жолдарын қарастыру қажеттігін жеткізді.
Қазақстан Халық Кеңесі – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған жаңа институт. Оның құрамында 126 мүше бар. Олардың үшеуі – Шымкент қаласының өкілдері. Кездесуде Кеңес мүшелері этномәдени бірлестіктердің қоғамдық өмірдегі рөлін арттыру мәселесіне де назар аударды.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Шымкент қалалық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латипша Асановтың айтуынша, этномәдени бірлестіктердің қызметі мәдени іс-шаралар өткізумен ғана шектелмеуі керек. Олар қоғамдық мәселелерге белсенді араласып, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын түсіндіруге, жастар арасында достық пен қазақстандық патриотизмді дәріптеуге үлес қосуы тиіс. Сонымен қатар жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру маңызды.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өзекті мәселелерді көтеріп, алдағы жұмыс бағыттары бойынша ұсыныстарын жеткізді. Басқосу қорытындысында қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту, азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды дамыту бағытындағы жұмысты жүйелі жалғастыру қажеттігі атап өтілді.