Су – тіршіліктің негізі, табиғаттың баға жетпес байлығы. Алайда бүгінде әлемде су ресурстарының тапшылығы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Климаттың өзгеруі, табиғи ресурстарды тиімсіз пайдалану және халық санының өсуі су қауіпсіздігі мәселесін одан әрі күрделендіре түсуде. Сондықтан суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру, әсіресе жас ұрпақтың экологиялық сауатын арттыру – уақыт талабы. Осы мақсатта Шымкент қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында «Суды үнемде – болашақ үшін сақта!» тақырыбында бірыңғай республикалық экологиялық сағат өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасындағы Швейцария Конфедерациясының Төтенше және Өкілетті Елшісі Кристина Хоненне онлайын қатысты. Дипломат тың кездесуге қатысуы су ресурстарын сақтау мәселесінің халықаралық деңгейдегі өзектілігін көрсетті. Басқосу барысында су қорын тиімді пайдалану, суды үнемдеу және қоршаған ортаны қорғау мәселелері талқыланды.
Тағылымды шараға мектеп оқушылары, колледж студенттері мен мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеленушілері де қатысты. Спикерлер су ресурстарының қазіргі жағдайы, су тапшылығының өзекті мәселелері және оны тиімді басқару жолдарына тоқталды.
Әсіресе, Қазақстанның су ресурстары шектеулі елдер қатарына жататыны, трансшекаралық өзендерге тәуелділігі және климаттық өзгерістердің су балансына әсері кеңінен сөз болды.
Кездесу барысында қатысушылар спикерлерге сұрақтар қойып, су саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Ашық диалог алаңы жастардың экологиялық сауаттылығын арттыруға және табиғи ресурстарды қорғау мәселелеріне назар аударуға бағытталды.

Айта кетейік, бүгінде су қауіпсіздігі Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар мәселеге айналып отыр. Еліміздің су ресурстарының едәуір бөлігі көршілес мемлекеттердің аумағынан келетін трансшекаралық өзендерге тиесілі. Бұл жағдай су қорын тиімді басқаруды, қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалануды және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді қажет етеді.
Осындай жағдайда экологиялық мәдениетті қалыптастыруды мектеп қабырғасынан бастау құптарлық. Өйткені суды үнемдеу – тек мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті әрі күнделікті дағдысына айналуы тиіс.