Білім беру саласында цифрландыру үдерісі қарқын алып, мектептердің күнделікті жұмысына түрлі ақпараттық жүйелер енгізілді. Олардың әрқайсысы белгілі бір бағыттағы жұмысты жүйелеуге, мәліметтерді орталықтандыруға және басқару процестерін оңтайландыруға арналған. Алайда ақпараттық жүйелерге деректерді кім енгізуі керек? Бұл жұмыс мұғалімдердің негізгі міндетіне қаншалықты әсер етеді? Осы мәселеге қатысты Шымкент қаласының білім басқармасы түсіндірме жариялады.

Басқарманың мәліметінше, мектептерде қолданылатын ақпараттық жүйелердің әрқайсысының өзіндік мақсаты мен оған жауапты мамандары бар. Мәселен, SANA жүйесі білім беру ұйымдарының кадрлық, штаттық және тарификациялық деректерін жүргізуге арналған. Оған қажетті мәліметтерді мектеп әкімшілігі, кадр қызметкерлері мен бухгалтерия мамандары енгізеді.
Ал ALAQAN ақпараттық жүйесі оқушыларды ыстық тамақпен қамту мәселесін есепке алуға бағытталған. Бұл жүйедегі деректерді енгізу әлеуметтік педагогтің міндетіне жатады.
Мектеп кітапханасының ақпараттық жүйесі кітап қорын түгендеу, мектеп теңгеріміндегі басылымдарды тіркеу және әр кітапқа бірегей штрих-код жапсыру жұмыстарын қамтиды. Бұл бағыттағы жауапкершілік кітапханашыға жүктелген.
Сондай-ақ BALAZHAN жүйесі сыныптағы оқушылар туралы қажетті мәліметтерді жинақтап, жүйелеу үшін қолданылады. Оған деректерді сынып жетекшісі енгізеді. Мәселен, бір сыныпта 25 оқушы болса, олардың мәліметтерін жүйеге енгізу сол сынып жетекшісінің жұмысына жатады.
Білім басқармасы ақпараттық жүйелерге қатысты тағы бір маңызды жайтты атап өтті. Мәліметтер бастапқыда бір рет енгізіледі. Кейін олар жүйеде сақталып, қолданылады. Тек оқушының басқа мектепке ауысуы, жаңа қызметкердің жұмысқа қабылдануы немесе өзге де өзгерістер болған жағдайда ғана тиісті деректер жаңартылады.
Мұндағы негізгі мәселе – әр қызметкердің өзіне жүктелген функционалдық міндет шеңберінде жұмыс істеуі. Өйткені мұғалімнің басты міндеті – оқушыға сапалы білім беру және тәрбие жұмысын жүргізу. Ақпараттық жүйелер педагогтің уақытын үнемдеп, оқу-тәрбие процесінің тиімділігін арттыруға қызмет етуі тиіс.
Осыған байланысты Шымкент қаласының білім басқармасы мектептерде педагогтерге қызметтік міндетіне кірмейтін жұмыстар жүктелген жағдайда, басқармаға хабарлауды сұрайды. Мұндай өтініштер бойынша зерделеу жүргізіліп, тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.