Шымкентте Орталық Азияда баламасы жоқ халықаралық тоқыма зертханасы ашылады

Шымкенттегі Auezov University Қытайдың Donghua University университетімен бірлесіп, жасанды интеллект технологияларына негізделген халықаралық ғылыми-зерттеу зертханасын құрады. Жоба мақта шикізатын терең өңдеу, жаңа материалдар әзірлеу және отандық тоқыма өнеркәсібінің технологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Bozyq.kz тілшісі Auezov University баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда тоқыма өнеркәсібін дамытып, шикізатты терең өңдеуге басымдық беру бағытында жаңа ғылыми жоба қолға алынбақ. Атап айтқанда, Шымкенттегі Auezov University базасында Орталық Азияда баламасы жоқ халықаралық тоқыма зертханасы ашылады. Бұл бастама Қытайдың Donghua University университетімен бірлесіп жүзеге асырылады.

Осы мақсатта 9 қарашада Шанхай қаласында Auezov University Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Төлеген мен Donghua University президенті, профессор Сянь Яньсюнь арасында ресми кездесу өтті. Кездесуде екі елде жасанды интеллект технологияларына негізделген өзара байланысты ғылыми-зерттеу зертханаларын құру мәселесі талқыланды.

Жоба аясында зертханалардың бірі Қытайдың Шанхай қаласындағы Donghua University базасында, екіншісі Шымкенттегі Auezov University базасында жұмыс істейді. Негізгі мақсат – ғылым мен өндірісті ұштастырып, тоқыма саласына заманауи технологияларды енгізу және бәсекеге қабілетті жаңа өнім түрлерін әзірлеу.

Бастаманың маңызды бағыттарының бірі – мақта шикізатын терең өңдеу. Бұл ретте Шәуілдір өңірінде мақта өсіру және жинау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, Қазақстандағы ірі кәсіпорындардың әлеуеті мен Қытайдың «Li Hua» компаниясының өндірістік мүмкіндіктері ғылыми зерттеулермен сабақтастырылады. Осылайша, мақтаны өсіруден бастап, оны өңдеу, тоқыма материалдарын әзірлеу және дайын өнім шығаруға дейінгі өндірістік тізбекті қалыптастыру көзделіп отыр.

Auezov University ректоры Мұхтар Төлегеннің айтуынша, жобаның мақсаты зертханалар ашумен ғана шектелмейді. Ең бастысы – ғылыми жаңалықтарды нақты өндірісте қолданып, заманауи технологияларды меңгерген мамандар даярлау.

Зертханаларда жасанды интеллект пен автоматтандырылған басқару жүйелері кеңінен қолданылады. Өндірістік үдерістерге арнайы өлшеуіш датчиктер енгізіліп, технологиялық операцияларды дәл басқару, адам еңбегіне тәуелділікті азайту және өнім сапасын арттыру көзделген.

Жаңа ғылыми орталықтардың зерттеу аясы тек киім және тұрмыстық тоқыма бұйымдарымен шектелмейді. Мұнда медицинаға қажетті арнайы тігін жіптері, машина жасау саласына арналған композиттік материалдар, аэроғарыш өнеркәсібінде қолданылатын тоқыма негізіндегі антенналар мен басқа да инновациялық өнімдерді әзірлеу мүмкіндігі қарастырылады.

Сонымен қатар материалдардың беріктігі, созылуы, төзімділігі, үзілуге қарсы қасиеттері және ұзақ мерзімді пайдалануға жарамдылығы зерттеледі. Бұл бағыттағы жұмыстар материалтану ғылымын дамытуға да серпін бермек.

Жоба студенттер мен жас ғалымдар үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Олар халықаралық зерттеу жұмыстарына тікелей қатысып, тәжірибе алмасуға, жаңа материалдар мен дайын өнім түрлерін әзірлеуге мүмкіндік алады. Нәтижесінде университетте берілетін теориялық білім нақты өндірістік тәжірибемен толықтырылады.

Айта кетейік, Donghua University – Қытайдың мемлекеттік Double First-Class бағдарламасына енген, тоқыма инженериясы, материалтану және заманауи технологиялар саласында халықаралық деңгейде танылған жоғары оқу орындарының бірі.

Кездесу барысында тараптар бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, академиялық ұтқырлықты дамыту және екі университеттің зерттеу ұжымдары арасындағы байланысты кеңейту мәселелерін де қарастырды.

Жалпы, халықаралық зертханаларды құру – Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Жоба жүзеге асқан жағдайда, отандық тоқыма өндірісіне жаңа технологияларды енгізуге, ғылыми әлеуетті арттыруға және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға мүмкіндік туады. Сонымен қатар Шымкенттің халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастықтағы орны нығая түспек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *