Қарағанды қаласында XVII халықаралық «ДЕЛАРУК – Қарағанды 2026» гастрономиялық кубогы өтті. Байқауда Шымкент қаласындағы Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінің студенттері жоғары нәтиже көрсетті. Колледж өкілдері 4 алтын, 3 күміс медаль иеленіп, тағы бір қатысушы арнайы дипломмен марапатталды. Сонымен қатар өндірістік оқыту шебері жеке номинация бойынша жеңімпаз атанды.

Халықаралық гастрономиялық кубокқа Қазақстанның әртүрлі өңірлері мен Ресейден келген аспаздар, кондитерлер, наубайшылар, сала мамандары және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары қатысты. Байқаудың негізгі мақсаты – аспаз, кондитер және наубайшы мамандықтарының беделін арттыру, кәсіби шеберлікті дамыту, жоғары асүй мәдениетін насихаттау және мейрамхана бизнесінің дамуына ықпал ету.
Байқау бағдарламасы аясында қатысушылар жеке және командалық сайыстарда бақ сынап, түрлі тағам әзірлеу бойынша шеберліктерін көрсетті. Сондай-ақ кәсіби шеберлік сабақтары, семинарлар, тәжірибелік көрсетілімдер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Бұл мамандар мен жас аспаздарға тәжірибе алмасып, өзара кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік берді.
Шымкенттік студенттер бірнеше маңызды аспаздық бағыт бойынша үздіктер қатарынан көрінді.
Төрт студент алтын медаль иеленді:
Ахметгалеев Расиль Рамисович – негізгі вегетариандық мейрамханалық тағам әзірлеу номинациясында І орын;
Тургумбаев Ахрарбек Акмальович – жылқы етінен негізгі мейрамханалық тағам әзірлеу номинациясында І орын;
Абилкасым Аяна Нұрғалиқызы – құс етінен негізгі мейрамханалық тағам әзірлеу номинациясында І орын;
Сенбек Зейін Нұрғалыйұлы – теңіз өнімдерінен негізгі мейрамханалық тағам әзірлеу номинациясында І орын иеленді.
Үш студент күміс медальмен марапатталды:
Курваналиев Санжарбек Октамович – паста, ризотто, лазанья және равиоли әзірлеу номинациясында ІІ орын;
Мусабеков Альтемир Мухтарович – Норвегия балығынан негізгі тағам әзірлеу номинациясында ІІ орын;
Нышан Жанар Бағдатқызы – қолдан жасалған шоколад кәмпиттерін әзірлеу номинациясында ІІ орын алды.
Ал Дубай Сиявуш Анварович еттен негізгі тағам әзірлеу бағыты бойынша қатысушы дипломымен марапатталды.
Колледждің өндірістік оқыту шебері Пащенко Вероника Дмитриевна да халықаралық байқауда кәсіби шеберлігін танытып, «Алтын шебер – 2026» номинациясы бойынша І орынға ие болды.