Шымкентте балалар өнер байқауы өтті

Шымкентте Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай балалар арасында өнер байқауы ұйымдастырылды. Ұлттық өнерді ұлықтап, жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды сіңіруді мақсат еткен шығармашылық додаға қаладағы дарынды балалар қатысты.

Жас таланттардың өнерін шыңдап, ұлттық мәдениетті кеңінен насихаттауға бағытталған бұл жоба шаһарда алғаш рет өткізіліп отыр. Соған қарамастан, байқауға қатысуға ниет білдірген үміткерлердің де, өнер додасын тамашалауға жиналған көрерменнің де қарасы қалың болды.
Байқауға қатысушылардың өнерін бағалау оңай емес. Себебі әр баланың сахнаға шығуы мен көрсеткен өнері үлкен еңбектің нәтижесі. Сондықтан қазылар алқасы әділдік пен жауапкершілікті басты назарда ұстаған.

«Балалар мақтасаң – қуанады, даттасаң – жылап қалады. Сондықтан біз өгіз өлмейтіндей, арба сынбайтындай етіп, әділ шешім шығаруымыз керек», – дейді Қазақстанның мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Абылайхан Оспанов.

Өнер бәсекесі үш бағыт бойынша өтті. «Дәстүрім – дара жолым» вокалдық аталымында жас әншілер халық әндері мен патриоттық шығармаларды орындап, көрерменнің ықыласына бөленді. Ал «Күй – домбыра» номинациясында жас күйшілер ұлттық аспаптың құдіретін танытып, қазақтың күмбірлеген күйлерін нақышына келтіре орындады. «Би – өнердің бейнесі» кезеңінде бүлдіршіндер ұлттық нақыштағы би қойылымдарын ұсынып, көпшіліктің қошеметіне ие болды.

Қатысушылардың өнерін қазылар алқасы он балдық жүйе бойынша бағалады. Бұл ретте орындаушылық шеберлікпен қатар, сахналық мәдениет, киім үлгісі және әртістік қабілет те ескерілді.

«Балалардың сахнаға шығуы мен сахнадан түсу мәдениетіне, орындаған күйінің мазмұнын аша білуіне назар аударамыз. Үміткерлерді осы талаптар негізінде бағалаймыз», – дейді Шымкенттегі саз колледжінің меңгерушісі Жандос Құлымбетов.

Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған өнерпаздар «Бас жүлде» және І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар ерекше өнерімен көзге түскен қатысушыларға арнайы номинациялар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Ұлттық өнерді дәріптеп, жас таланттарға қолдау көрсетуге бағытталған байқау балалардың шығармашылық әлеуетін танытып қана қоймай, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *