Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттері арасындағы «ТОП–100 студент» республикалық байқауының қорытындысы жарияланды. Нәтижесінде Шымкент қаласының үш студенті еліміздің үздік жүздігінің қатарынан көрінді.

Олар – Политехникалық колледж студенті Асан Бахтиярұлы Исмаилов, М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінің студенті Інкәр Серікқызы Алтай және М.Сапарбаев атындағы «Парасат» колледжінің студенті Санжар Нұрланұлы Ашимов.
Республикалық байқау үш кезең бойынша өтті. Алдымен үміткерлер өз колледждерінде іріктеліп, кейін өңірлік кезеңге қатысты. Соңғы кезеңде студенттердің жетістіктері сараланып, үздіктер анықталды. Байқауға техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқитын, кәсіби дамуға және өз қабілетін көрсетуге қызығушылық танытқан студенттер қатысты.
Қатысушылардың жұмыстары білім беру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, денсаулық сақтау, бизнес және басқару, инженерия, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және басқа да кәсіби бағыттар бойынша бағаланды. Іріктеу кезінде студенттердің оқу жетістіктерімен қатар, кәсіби шеберлігі, қоғамдық белсенділігі мен жеке жобаларына назар аударылды.
Байқау жастардың кәсіби әлеуетін танытуға, өз саласындағы жетістіктерін көрсетуге және тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл бастама техникалық және кәсіптік білім берудің маңызын арттырып, студенттердің таңдаған мамандығына деген қызығушылығын қолдауға бағытталған.
Шымкенттік үш студенттің үздік жүздікке енуі – олардың кәсіби ізденісі мен таңдаған мамандығына деген қызығушылығының көрсеткіші. Мұндай жетістіктер басқа студенттерге де ынталандыру болып, кәсіби білім мен практикалық дағдыларды дамытуға серпін береді.
Айта кетейік, Шымкент қаласында 37 колледж жұмыс істейді. Онда 50 мыңға жуық студент білім алады. Қаладағы колледждерде жастардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға және еңбек нарығында сұранысқа ие маман болып қалыптасуына бағытталған жұмыстар жүргізілуде.