Әуезов университеті халықаралық білім беру жобаларына қатысуды кеңейтеді

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде халықаралық білім беру жобаларын дамыту және Еуропалық Одақтың гранттық бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды.

Университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Төлегеннің шақыруымен оқу орнына Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық офисінің директоры Лаура Палуанова жұмыс сапарымен келді.

Кездесудің негізгі мақсаты – университеттің халықаралық білім беру жобаларына қатысу аясын кеңейту, профессор-оқытушылар құрамының жобалық әлеуетін арттыру және Еуропалық Одақтың гранттық қаржыландыру мүмкіндіктерін тиімді пайдалану.

Мұхтар Төлеген университетке ұлттық мәртебе берілуі халықаралық серіктестікті нығайтуға және білім беру мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ оқу орнының көпбейінді құрылымы түрлі бағыттағы бәсекеге қабілетті халықаралық жобаларды әзірлеуге негіз болатынын жеткізді.

Ақпараттық сессия барысында Лаура Палуанова Erasmus+ бағдарламасының негізгі бағыттары мен гранттық конкурстарға қатысу талаптарын түсіндірді. Атап айтқанда, жоғары білім беру әлеуетін арттыру, халықаралық кредиттік ұтқырлық, Erasmus Mundus және Jean Monnet бағдарламалары бойынша өтінім әзірлеу тәртібі таныстырылды.

Сонымен қатар цифрлық трансформация, жасыл энергетика, су ресурстарын басқару, тұрақты экономикалық даму және білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту мәселелеріне басымдық берілді. Бұл бағыттар Орталық Азия елдері үшін маңызды салалар саналады.

Айта кетейік, Әуезов университеті Erasmus+ бағдарламасы аясында халықаралық жобаларды жүзеге асыруда тәжірибе жинақтаған. 2022–2024 жылдары оқу орнының қатысуымен халықаралық кредиттік ұтқырлық бойынша 25 жоба мақұлданған. Бұдан бөлек, университет үйлестіруші болған KAZDUAL жобасы халықаралық ынтымақтастықты дамытудың тиімді үлгісіне айналды.

Жұмыс сапары аясында әлеуетті өтінім берушілерге жеке консультациялар өткізу де жоспарланған. Бұл профессор-оқытушылар құрамына жобалық ұсыныстарды сапалы әзірлеуге және халықаралық конкурстарға қатысу мүмкіндіктерін арттыруға жол ашады.

Университет алдағы уақытта халықаралық серіктестермен байланысты нығайтып, гранттық жобалар санын көбейтуді және Erasmus+ бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық тәжірибесін кеңейтуді көздейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *