Шымкент қаласындағы №25 Т. Рысқұлов атындағы мектеп-гимназиясында «Жас сақшы» сыныбының оқушыларына құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған танымдық сабақ өткізілді.

Кездесудің негізгі мақсаты – жасөспірімдердің заң талаптарын білуіне, қоғамдық тәртіпті сақтауға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Іс-шараны Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының қызметкерлері ұйымдастырды. Жолдасбек Бөкенбаев атындағы «Жас сақшы» сыныбында 9 «Ә» сыныбының 26 оқушысы білім алады. Оның 12-сі – ұл, 14-і – қыз бала. Сынып оқушылары арнайы нысанды киіммен қамтамасыз етілген.
Кездесу барысында жас сақшыларға қоғамдық тәртіпті сақтау, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері, құқық бұзушылықтың алдын алу және жол қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Полиция қызметкерлері заң талаптарын орындаудың маңыздылығына тоқталып, күнделікті өмірде кездесетін құқықтық мәселелер жөнінде мағлұмат берді.
Сонымен қатар оқушылар полиция қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде пайдаланатын арнайы құрал-жабдықтармен танысты. Мамандар олардың қолданылу ерекшеліктерін көрсетіп, құқық қорғау қызметінің қыр-сырын түсіндірді. Бұл жас сақшыларға полиция жұмысы туралы тәжірибелік тұрғыдан түсінік алуға мүмкіндік берді.
Танымдық сабақ оқушылардың да қызығушылығын тудырды. Жас сақшылар полиция қызметкерлеріне көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, құқық қорғау органдарының жұмысы туралы кеңірек мағлұмат алды. Кездесу барысында балалардың белсенділігі байқалып, өздерін қызықтырған тақырыптар бойынша пікір алмасты.
Мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың бойында заңға құрмет, тәртіп пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудың маңызын түсіндіріп, оқушылардың құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.