Шымкенттік студенттер республикалық WorldSkills Kazakhstan 2026 чемпионатында бақ сынайды

Астанада «WorldSkills Kazakhstan 2026» XI республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының ашылу салтанаты өтті. Байқауға Шымкент қаласының атынан 43 студент пен сарапшыдан құралған делегация қатысуда.


Еліміздің барлық өңірінен келген 840-тан астам конкурсант пен мыңға жуық сарапшының басын қосқан ауқымды чемпионат жастардың кәсіби шеберлігін шыңдап, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған.

Чемпионатқа Шымкент қаласының атынан 34 құзыреттілік бойынша 43 студент пен сарапшыдан құралған делегация қатысуда. Қала жастары республикалық деңгейде өздерінің кәсіби білімін, практикалық дағдылары мен шеберлігін көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінуге талпынады.

Салтанатты ашылу рәсіміне Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов қатысып, чемпионаттың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ қатысушыларға сәттілік тілеп, кәсіби біліктіліктің ел экономикасы үшін маңыздылығына тоқталды.

Биылғы чемпионат алты бағытты қамтитын 44 құзыреттілік бойынша өтеді. Оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, өндірістік және инженерлік технологиялар, көлік және логистика, әлеуметтік және жеке қызметтер, креативті индустриялар мен дизайн, құрылыс технологиялары бар.

Байқаудың ерекшеліктерінің бірі – жекелеген конкурстық тапсырмаларда жасанды интеллект құралдарының қолданылуы. Бұл қатысушыларға заманауи цифрлық технологияларды кәсіби міндеттерді орындауда тиімді пайдалану қабілетін көрсетуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру мен білікті кадрлар даярлауға айрықша мән беріп келеді. Осы тұрғыда WorldSkills чемпионаты жастардың еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне, кәсіби әлеуетін арттыруына және өз қабілетін танытуына жол ашады.

Сайыстар 26–28 қараша аралығында өтеді. Чемпионат жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 30 қарашада ұйымдастырылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *