Шымкентте «Тең мүмкіндіктер әлемі» инклюзивті спорт фестивалі өтті

Шымкентте ерекше білім беруді қажет ететін балалардың спортқа қызығушылығын арттыруға және олардың қабілеттерін қолдауға бағытталған «Тең мүмкіндіктер әлемі» инклюзивті спорт фестивалі өтті. Іс-шараға 150 оқушы қатысып, жалпы 250-ге жуық адам қамтылды.

Фестиваль Қажымұқан атындағы Орталық стадионда ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты – әр баланың спортпен айналысуына мүмкіндік жасау, өз күшіне деген сенімін арттыру және қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыру.

Іс-шараны «Әділет» партиясы ұйымдастырып, партияның Әйелдер қанаты қолдау көрсетті.

Фестиваль барысында қатысушылар спорттың үш бағыты бойынша бақ сынады. Олар бочча ойынында өзара сайысқа түсіп, «Біз жеңімпаз боламыз!» атты көңілді старттарға қатысты. Сондай-ақ жеңіл атлетикадан өз мүмкіндіктерін сынады.

Жарысқа оқушылардан бөлек, мұғалімдер, жаттықтырушылар, ата-аналар, қонақтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралардың басты ерекшелігі – балаларды жарысқа қатыстырумен қатар, олардың спорттық ортада өздерін еркін сезінуіне жағдай жасау.

Фестивальге партияның Әйелдер қанаты атынан Рамиля Рафкатовна мен Баян Айтбекқызы да қатысып, жас спортшыларға қолдау білдірді.

Инклюзивті спорттық іс-шаралар балалардың физикалық белсенділігін арттырумен қатар, олардың өз қабілеттерін танытуына, құрдастарымен араласуына және қоғамдық ортаға белсенді мүмкіндік береді.

«Тең мүмкіндіктер әлемі» фестивалінің негізгі идеясы – әр баланың спортпен айналысып, өз мүмкіндігін көрсетуіне жағдай жасау. Мамандардың пікірінше, мұндай бастамалар инклюзия қағидаттарын қоғам өміріне кеңінен енгізіп, ерекше балалардың ортаға белсенді араласуына мүмкіндік береді.

Фестиваль қорытындысында жүлделі орындарға ие болған қатысушылар дипломдармен, медальдармен, кубоктармен және сыйлықтармен марапатталды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *