Түркістан облысында 2024-2025 жылғы қыс-көктемгі су тасқынын алдын алу жұмыстары жалғасуда. Облыс аумағында ауа-райы болжамдарына күнделікті зерттеулер жүргізіліп, төтенше жағдайлар бөлімдері сақтық шараларын күшейтуде.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша, облыстағы 68,2 шақырым қашыртқы арна механикалық тазалаудан өткен. Келес ауданында 14 шақырым арық-атыз қоқыстан тазартылып, Сайрам ауданында Арыс өзенінің арнасы түзетілді. Сонымен қатар, Сауран мен Отырар аудандарында 4 су тоспасы орнатылды.
Қазіргі таңда Шардара суқоймасы 86%-ға, Көксарай су реттегішінің толу деңгейі 32%-ды құрайды. Көктемгі су тасқынын алдын алу мақсатында 1 063 адам, 125 техника, 11 қайық және 93 мотопомпа дайындыққа келтірілген.
«Қазгидромет» орталығының болжамы бойынша наурыз айында жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде болады, ауа температурасы +3°С пен +12°С аралығында болмақ. Қар қоры толықтай еріген.
Сонымен қатар, 1 наурызда Түркістан қаласында «Тұран Молл» ойын сауық кешенінде Азаматтық қорғаныс күніне арналған шаралар өтеді. Ашық есік күнінде құрал-жабдықтар мен техникалардың көрмесі ұйымдастырылып, тұрғындарға төтенше жағдайларда әрекет ету жөнінде жадынамалар таратылып, оқу-жаттығулар мен флешмобтар жүргізіледі. Іс-шаралар 30 наурызға дейін жалғасады.