Түркістан облысында Рамазан айында ақсақалдар арасында Бата беру және жасөспірімдер арасында Жарамазан айтудан сайыстар ұйымдастырылады.
Бұл туралы Түркістан облысы дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы брифингте мәлімдеді. Облыстың бас имамы Ержан Төлепов Рамазан айындағы ауыз бекіту тәртібі, пітір садақа беру және ауызашар дастарқанының ережелері жайында айтты.
«Рамазан айы 1-30 наурыз аралығында өтеді. Осы айда мешіттерде және жеке азаматтар тарапынан ауызашар рәсімі ұйымдастырылады. Осы орайда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, резонанстық жағдайларға жол бермеу мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар шараларды іске асыру ұсынылуда. Мәселен, ысырапшылдыққа жол бермей, ауызашарды тойға айналдырмауды назарға алу қажет. Сондай-ақ, барлық мешіттерде оқылатын тарауық намазының кеш бітіуіне байланысты қауіпсіздік шараларын сақтау басты назарда. Кәмелетке толмаған балалар діни ғимараттарға тек ата-аналарымен ғана баруы тиіс» — деді Ержан қажы Сматұлы.
Сонымен қатар, ауызашар рәсімдерін ұйымдастыруда ысырапшылдыққа жол бермеу және қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігі атап өтті.