Қазақстанның Орталық Азиядағы орны мен рөлі

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған сәттен бастап өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі әрі салмақты саясат жүргізіп келеді. Геосаяси жағынан Еуразия құрлығының жүрегінде орналасқан еліміз — қазіргі таңда Орталық Азияда ғана емес, кең ауқымды халықаралық кеңістікте де аумақтық көшбасшылық орнатқан мемлекеттердің бірі.

Қазақстанның жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұруы — оның стратегиялық маңызын арттыра түседі. Елдің Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан сынды мемлекеттермен шекаралас болуы, әрі бұл шекаралардың халықаралық құқық шеңберінде толық делимитация және демаркациялануы – мемлекеттің аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігінің кепілі. Бұл Қазақстанды Орталық Азияда тұрақтылықтың үлгісі ретінде көрсетеді.

Қазақстан — Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Түркі мемлекеттері ұйымы және ТМД секілді аймақтық ұйымдарда белсенді рөл атқарып келе жатқан мемлекет. Бұл бірлестіктердің алаңында еліміз экономикалық, саяси және мәдени ынтымақтастықты дамыту арқылы көршілес елдермен сенімді әріптестік орнатуға зор үлес қосып отыр.

Қазақстанның аумақтық көшбасшылығы ең алдымен елдің ішкі тұрақтылығына, саяси реформалар мен экономикалық әртараптандыру саясатына негізделеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аймақтық саясатқа да серпін берді. Әрбір облыс пен өңір өз мүмкіндігі мен ерекшеліктерін ескере отырып дамуға бет бұрды. Бұл ретте Түркістан, Алматы, Астана сияқты қалалар – өңіраралық даму мен урбанизацияның үлгісіне айналуда.

Қазақстан халықаралық аренада бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту бағытында белсенді жұмыс істейді. Өзінің ядролық қарусыз мәртебесін ұстанып, Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ ретінде қалыптастыруға мұрындық болған ел – Қазақстан.

Еліміз шекаралас мемлекеттермен су ресурстарын, шекаралық қауіпсіздік, көлік-логистикалық жобалар және трансшекаралық экология секілді өзекті мәселелер бойынша сындарлы диалог орнатып, дауларды келіссөзбен шешудің тиімді тәжірибесін қалыптастырды. Бұл — аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызды фактор.

Қазақстан аумақтық көшбасшылығын тек саяси салада ғана емес, экономикалық және экологиялық бағытта да көрсетіп келеді. «Қазақстан–2050» стратегиясы мен «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы аясында еліміз баламалы энергия көздерін дамыту, цифрлық экономиканы ілгерілету және көлік-логистика хабын қалыптастыру жұмыстарын қарқынды жүргізуде.

Атап айтқанда, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында еліміздің көлік әлеуеті аймақтық транзиттік хаб ретінде нығая түсуде. Ал Каспий теңізі арқылы Транскаспий халықаралық көлік маршрутының дамуы Қазақстанды Еуропа мен Азияны байланыстыратын негізгі буынға айналдырып отыр.

Қазақстанның аумақтық көшбасшылығы – елдің тарихи тағылымына, ішкі тұрақтылығына, көреген сыртқы саясатына және өңірлік әріптестікке негізделген. Геосаяси тұрақсыздықтар белең алған қазіргі заманда еліміздің бейбітшілікке үндейтін саясаты мен сындарлы ұстанымы оны бүкіл аймақ үшін сенімді серіктес және көшбасшы ретінде айқындай түседі.

Қазақстан – аумағы кең, ниеті түзу, болашағы айқын мемлекет. Аумақтық көшбасшылық – тек мәртебе емес, үлкен жауапкершілік. Бұл жауапкершілікті еліміз бүгін де, ертең де абыроймен атқаратынына сенім мол.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *