Шымкент қаласында білім беру саласын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасып келеді.

Бүгінде шаһарда 290 мектепте 269 мыңнан астам оқушы білім алуда. Олардың ішінде биыл 15 639 түлек 11-сыныпты аяқтады. «Алтын белгіге» үміткер 670 оқушының 650-і жоғары нәтижеге қол жеткізді. Сонымен қатар, 1128 түлек «Үздік аттестатқа» ие болды.
Білім сапасын арттыру мақсатында мұғалімдердің біліктілігін көтеру, басқарушы кадрлардың әлеуетін күшейту бағытында бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, алғаш рет «Көшбасшы мектебі» жобасы іске қосылмақ. Жоба аясында қазіргі директорлар мен болашақ басшыларға арналған кадрлық резерв қалыптастырылады.
Қалада білім сапасы төмен саналатын 40 мектеп «мақсатты мектептер» ретінде анықталып, педагогтердің кәсіби дамуына арналған арнайы оқыту курстары өткізілді. Сондай-ақ, үлгерімі төмен оқушыларға арналған «Цифрлық мұғалім» жобасы 24 мектепте іске асырылып, математика, химия, физика сынды пәндер бойынша қосымша білім берілуде.
Кәсіптік бағдар беру, функционалдық сауаттылық пен зерттеушілік дағдыларды дамыту – басты міндеттердің қатарында. Жұмысшы мамандықтарының жылына орай, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 8000 мемлекеттік грант бөлініп, 70 мамандық бойынша тапсырыс бекітілді.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен суицид жағдайлары да назардан тыс қалмауда. Биыл 21 өзіне-өзі қол жұмсау оқиғасы тіркелген. Осыған байланысты мектептерде «Өмірлік бағдар» және «Тәртіп тірегі» жобалары жүзеге асырылады. Аталған жобаларда ішкі істер органдарының есебіндегі оқушылармен жұмыс істеу үшін қоғам белсенділері, ардагерлер мен үздік студенттер тартылатын болады.
Психологиялық қолдау қызметінің сапасы да қатаң бақылауға алынған. Жүргізілген зерделеу барысында бірқатар кемшіліктер анықталып, оларды жою бойынша жоспарлы шаралар қолға алынуда.
–“Білім беру – ең жауапты сала. Әр баланың тағдырына бейжай қарауға болмайды. Тәрбиесі мен білімі қатар жүретін ұрпақ қана ел болашағының кепілі бола алады”, – дейді Шымкент қаласы білім басқармасы жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлехан Үсіпбекұлы.
Мемлекеттік аттестаттау жұмыстары шеңберінде жыл соңына дейін 158 білім беру ұйымы тексеріледі. Осы бағытта «Талап» атты тәжірибе алмасу жобасы іске қосылып, үздік және әлсіз мектептер арасында әдістемелік байланыс орнатылуда.