Тоқаев 29 шілдеде Түркияға ресми сапармен барады

29 шілде күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанның шақыруымен Анкараға ресми сапармен барады. Бұл кездесу – қазақ-түрік стратегиялық серіктестігіне тың серпін беруге бағытталған маңызды қадам.

Соңғы жылдары Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыс тұрақты дамып келе жатқаны байқалады. Екіжақты сауда айналымын 5 миллиардтан 10 миллиард долларға дейін жеткізу мақсаты – бүгінгі күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Экспорт пен импорттың нақты тізімі белгіленіп, экономикалық әріптестіктің негізгі бағыттары айқындалғанымен, бұл қатынас бір межеде тұрып қалғандай көрінеді. Жеткілікті әлеует бола тұра, толыққанды нәтижеге қол жеткізу әлі де мүмкін болмай тұр. Бұл – талдауды, қайта ойлануды, нақты істерді қажет ететін мәселе.

Түркия – тек бауырлас мемлекет емес, әскери өндірісте, технологиялық жетістіктерде және аймақтық геосаясатта салмағы бар ел. Оның қазіргі геосаяси ұстанымына көз жүгіртсек, Түркия Израильмен стратегиялық серіктеске айналып отыр. Бұл қадам оны Таяу Шығыстың негізгі ойыншыларының қатарына қосады. Сонымен қатар, Әзірбайжан арқылы Түркия АҚШ-тың үлкен геосаяси жобаларына да белсене қатысып келеді. Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберіндегі белсенділік – соның айқын көрінісі.

Қазақстан үшін бұл сапар мен серіктестік – жаңа мүмкіндіктердің есігін ашатын тарихи сәт. Ресей мен Қытай арасындағы геосаяси қысымның ортасында тұрған еліміз үшін Түркиямен қарым-қатынасты күшейту – стратегиялық тепе-теңдік пен дербес даму жолын таңдаудың бір жолы. Бұл тек экономикалық қадам емес, сонымен қатар қауіпсіздік, қорғаныс және технология салаларындағы жаңа әріптестік мүмкіндіктері де ашылады.

2022 жылдан бері Президенттер бірнеше рет өзге елдерде кездескенімен, бұл жолғы Анкарадағы ресми сапар – нақты шешімдер мен жаңа жобалардың бастауы болуы мүмкін. Бұған дейін Өзбекстан, Әзірбайжан секілді түркі елдерінде өткен кездесулер – көпжақты интеграцияның негізін қалады. Ал енді екіжақты диалог пен нақты іс-қимылдың кезеңі келді.

Қазақ-түрік әріптестігі – жай ғана тарихи-мәдени бауырластық емес, болашаққа бағытталған стратегиялық ұмтылыс. Бұл серіктестік – Қазақстан үшін тек экономикаға ғана емес, халықаралық геосаяси жүйеге жаңа деңгейде интеграциялануға мүмкіндік. Түркия – Батыс пен Шығыстың тоғысындағы мемлекет. Осы тұрғыдан алғанда, Анкарамен байланыс – Астана үшін жаңа геосаяси аймақтарға есік ашатын көпір іспетті.

Сапар қорытындысы бойынша нақты уағдаластықтар мен келісімдер қабылданса, бұл тек екі ел үшін емес, бүкіл түркі әлемі үшін де маңызды бетбұрыс болмақ.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *