Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Аустрия Республикасының Қазақстандағы Елшісі Андреа Бахермен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын жан-жақты талқылап, болашақтағы даму перспективаларын қарастырды,-деп хабарлайды Bozyq.kz тілшісі Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу өтті. Тараптар тұрақты саяси диалогтың маңыздылығына тоқталып, оны одан әрі дамыту үшін нақты тетіктер қажет екенін атап өтті.
Қазақстан-Аустрия үкіметаралық комиссиясы мен Іскерлік кеңестің рөлі ерекше аталды. Бұл құрылымдар екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын жүйелеу, тиімді шешімдер қабылдау және өзара іс-қимылдың жаңа салаларын анықтау тұрғысынан маңызды алаңға айналып отыр.
Кездесудің басты назарында сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту мәселесі тұрды. Энергетика, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылымды дамыту және туризм салалары екі ел арасындағы экономикалық серіктестіктің келешегі зор бағыттары ретінде белгіленді.
Министрдің орынбасары Арман Исетов Қазақстанның Аустриямен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін нақты айтты. Бұл ұстаным Қазақстанның Еуропа елдерімен теңгерімді және көпвекторлы сыртқы саясатын жалғастыруға бейілділігін көрсетеді.
Аустрия – Қазақстан үшін Еуропадағы маңызды серіктестердің бірі. Инновациялар мен технологиялар саласындағы тәжірибесі мол бұл елмен тығыз қарым-қатынас орнату – еліміздің экономикалық әртараптандыруына да оң ықпал етері анық.