ДДҰ: Қазақстан ОА-да вирустық гепатиттермен күресте көшбасшылардың бірі болып танылды

Жыл сайын 28 шілдеде әлемде Дүниежүзілік гепатитпен күрес күні аталып өтеді. Бұл күн – жаһандық денсаулық сақтау жүйесі үшін аса маңызды. Вирустық гепатиттер – бауырдың қауіпті қабыну аурулары және өлім-жітімнің екінші басты инфекциялық себебі. Жыл сайын әлемде 1,3 миллион адам гепатиттің салдарынан көз жұмады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) 2016 жылы вирустық С гепатитін 2030 жылға дейін жою жөнінде бағдарлама қабылдады. Қазақстан осы бағыттағы жетістіктері бойынша Орталық Азия мен ТМД кеңістігінде көшбасшы ретінде танылып отыр.

2024 жылы елімізде В гепатитімен 33 462, ал С гепатитімен 35 984 адам диспансерлік есепте тұр. Жыл ішінде алғаш рет тіркелгендер саны – В гепатиті бойынша 5360, С гепатиті бойынша 8470 адам. Жалпы 400 мыңға жуық адам гепатитке тексеруден өтті, ал 30 мыңнан астам ересек азамат вирусқа қарсы ем қабылдады.

2023 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда гепатитпен сырқаттанушылық 10,23 жағдайды құрады. Созылмалы В және С гепатиттерінің өсімі байқалды. Бұл – ерте анықтау, скрининг және профилактикалық жұмыстардың маңыздылығын айқындайды.

Биылғы жаһандық кампания “Гепатитпен күрес: кедергілерді жоямыз” деген ұранмен өтуде. Ол вакцинация, қауіпсіз инъекция, скрининг және ерте ем қабылдау сияқты кешенді шараларды күшейтуді көздейді.

Бүгінгі таңда В гепатитіне қарсы тиімді вакцина және С гепатитін толық емдейтін препараттар бар. Вакцина аурудың 95% алдын алады және D гепатитінен де жанама қорғайды.

Қазақстанда 1998 жылдан бастап барлық жаңа туған балаларға перзентханада В гепатитіне қарсы вакцина егілуде. Сондай-ақ ел бойынша гепатологиялық орталықтарда скринингтер, алдын алу шаралары және ақпараттық-ағартушылық акциялар тұрақты жүргізіледі.

Гигиенаны сақтау, қауіпсіз жыныстық қатынас пен қан құю кезіндегі сақтық – А, В және С гепатитінен қорғанудың негізгі жолдары. Сонымен қатар, вакцинация және вирусқа қарсы дәрілер — ең сенімді әдістердің бірі.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі әрбір азаматты өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, уақтылы тексеруден өтуге және гепатиттен қорғанудың қолжетімді жолдарын пайдалануға шақырады. Гепатиттің алдын алу – тек дәрігерлердің емес, әрқайсымыздың міндетіміз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *