ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру ұйымдарында 2025–2026 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдерін, сондай-ақ каникул кезеңдерін нақтылады.

Оқу процесі 2025 жылғы 2 қыркүйекте басталып, 2026 жылғы 25 мамырда аяқталады. Білім күніне арналған салтанатты жиынның уақыты мен күні мектептің педагогикалық кеңесінің шешімімен белгіленеді.
Бірінші тоқсанда оқу уақыты 8 апта. Күзгі каникул 2025 жылғы 27 қазанда басталып, 2 қарашаны қоса алғандағы 7 күнге созылады.
Екінші тоқсан 8 оқу аптасынан тұрады. Қысқы каникул 2025 жылғы 29 желтоқсанда басталып, 2026 жылғы 7 қаңтарды қоса алғандағы 10 күнге жалғасады.
Бірінші сынып оқушылары үшін қосымша демалыс 2026 жылғы 9 ақпаннан 15 ақпанды қоса алғандағы 7 күнді құрайды.
Үшінші тоқсан 10 оқу аптасынан тұрады. Көктемгі каникул 2026 жылғы 19 наурызда басталып, 29 наурызды қоса алғандағы 11 күнге созылады.
Төртінші тоқсанның ұзақтығы 8 оқу аптасын құрайды, оқу жылы 2026 жылғы 25 мамырда аяқталады.
Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарының басшыларына оқу үдерісін дұрыс ұйымдастыру, оқу жүктемесін оқу жылының төрт тоқсанына тең бөліп жоспарлау және оқушылардың психо-эмоциялық жағдайын ескеру бойынша әдістемелік ұсынымдар берді.
Мектептерге оқушылар мен ата-аналарға оқу жылының құрылымы мен демалыс күндері туралы уақытылы хабарлау ұсынылды. Бұл, әсіресе, ата-аналардың демалыс, саяхат немесе қосымша сабақтар жоспарлауына көмектеседі.