Шымкент қаласындағы «Даңқ» мемориалдық кешенінде 9 мамыр – Жеңіс күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Жиналған көпшілік Отан үшін от кешкен батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, майдангерлер рухына тағзым етті.

Мерекелік жиын ҚР Ұлттық ұланының 35748 әскери бөлім оркестрінің Мемлекеттік Гимнді орындауымен басталды. Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, ардагерлер, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Қатысушылар Мәңгілік алауға, сондай-ақ «Жұлдыз» және «Ұшақ» ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, «Даңқ» аллеясын аралады.
Жеңіс күні – майдан мен тылдағы жанқиярлық ерліктің, батырлық пен бірліктің мәңгілік символы. Ұлы Отан соғысы жылдарында мыңдаған қазақстандық майданға аттанып, ел қорғау жолында ерен ерлік көрсетті. Олардың қатарында Шымкент өңірінен шыққан көптеген қаһармандар да бар.
Бүгінде батыр бабалардың ерлігі – кейінгі ұрпаққа тағылым, ел тарихындағы өшпес өнеге болып қала береді.