9 мамыр, ерлік пен елдіктің, батырлық пен қайсарлықтың мәңгілік символына айналған қастерлі күн. Ұлы Жеңіс, тарих бетінде алтын әріппен жазылған ұлы мереке. Бұл күн, бейбіт өмір үшін жанын аямаған боздақтарды еске алып, майдан мен тылда еңбек еткен ардагерлерге тағзым ететін ерекше дата.

Сұрапыл соғыс жылдары қазақ даласынан аттанған мыңдаған азамат Отан үшін от кешіп, ерліктің өшпес үлгісін көрсетті. Олар бізге бейбіт аспан, тыныш өмір мен Тәуелсіз елдің жарқын болашағын аманат етті. Сондықтан Жеңістің қадірін ұғыну, өткенге құрмет көрсету және оны келер ұрпаққа жеткізу, бүгінгі біздің міндетіміз деп білемін.
Бүгінде уақыт алға жылжыған сайын сол сұм соғыстың куәгерлері де арамыздан сиреп барады. Қазіргі таңда Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының үш ардагері ғана өмір сүріп жатыр. Олар:
🏅 Жетісай ауданындағы 101 жастағы Папков Петр Кузьмич,
🏅 Сайрам ауданындағы 100 жастағы Ахметжан Анартаев,
🏅 Сарыағаш ауданындағы 103 жастағы Эрмохан Ишхонов.
Бұл ардагерлер, ел үшін жанын шүберекке түйіп, болашақ ұрпақтың бейбіт өмірі үшін күрескен батыр жандар. Олардың өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлкен тағылым, сарқылмас рух пен патриотизмнің айқын үлгісі.
Бейбіт өмір, бұл ең үлкен баға жетпес байлығымыз. Еліміздің тыныштығы мен бірлігі, халқымыздың, әр бір ер жетіп келе жатқан жас ұрпақтың амандығы әрдайым ең асыл құндылығымыз болып қала береді. Сондықтан елдігімізді сақтап, батыр бабаларымыздың ерлігін ұлықтау баршамыздың қасиетті борышымыз.
Ұлы Жеңіс күні әр шаңыраққа қуаныш, береке мен бақ әкелсін!
Ардагерлеріміз аман болып, олардың ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталсын!
Көк туымыз көкте желбіреп, Тәуелсіз еліміздің тұғыры әрдайым биік болсын!
Барша жерлестерімізді Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Құрметпен,
Түркістан облыстық мәслихат депутаты
Қанат Нышанов.