Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің төрағалығымен қала аумағындағы жер учаскелерін мемлекет мұқтажына қайтару бойынша жиын өтті.Онда жер қатынастары басқармасының басшысы Берік Әшірбеков нысандардың құрылысын жүргізуге мемлекет мұқтажы үшін 2448 жер учаскесі бойынша қаулы шығарылғанын атап өтті.
Берік Әшірбеков – Шымкент қаласы жер қатынастары басқармасының басшысы
—Аталған нысандарға ағымдағы жылы 3,7 млрд. теңге қаражат қарастырылған. Мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады. Бүгінгі таңда алаңы 17,3 гектарды құрайтын 152 жер учаскесін қайтаруға 1 млрд. 458 млн. теңге жұмсалған.
2448 ЖЕР УЧАСКЕСІ МЕМЛЕКЕТ МҰҚТАЖЫНА ҚАЙТАРЫЛА МА?
Берік Әшірбековтың айтуынша, 2020 жылдың 5 айында тұрғын үйлер құрылысы мен жол құрылысына, жаңа терминал мен жұқпалы ауруханаға және мектеп пен жасыл аймақ құру сынды 11 нысанның құрылысы үшін мемлекет мұқтажына қарастырылған жер учаскелері толықтай қайтарылған. Қала басшысы жиын барысында құрылыс жұмыстарына қажетті жер учаскелерін мемлекет мұқтажына қайтару жұмыстарына қарқын беруді атап өтті. Сондай-ақ, бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар нысандар үшін қажетті жер телімдерін қайтаруды тапсырды.
Мұрат Әйтенов – Шымкент қаласының әкімі
—Жоспарланған құрылыстың созылуына алып келетін мәселенің бірі меншік иелерінің бағаланған мүліктің құнына келіспейтіндігі. Сондықтан құнын айқындауда меншік иесінің құқығы қорғалып, нарықтағы құнмен өтелуі тиіс. Сонымен қатар, қалада жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңыздылығы туралы тұрғындарға дұрыс түсіндіру қажет
Еске салып өтейік, 2019 жылы 199 жер учаскелері, яғни 61,8 га жер мемлекетке қайтарылған. Оған 2 млрд. 301 млн. теңге қаржы бөлінген.