Қала басшысы Мұрат Әйтенов қала шеңберіне кейін қосылған елдімекендердегі инженерлік инфрақұрылым мәселелері бойынша мәжіліс өткізді. Жиында 2025 жылға дейін шаһардағы 41 шағын ауданға сапалы электр қуатын тарту мәселесі көтерілді. Көтеріліп қана қойған жоқ. Өз шешімін тапты.
Шымкент қаласы бойынша 53 шағын аудан шалғайда орналасқан. Бүгінде бұл аймақтарда инфрақұрылым тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, Тұран, Батыс, Ынтымақ-2, Жаңатұрлан, Асар-2 шағын аудандарын сапалы ауызсумен қамту бойынша бюджеттен 5 миллиардқа жуық қаржы бөлінген. Жыл соңына дейін Игілік, Қызылжар, Тәуелсіздікке — 20 жыл, Көкбұлақ, Абдулабад, Өтеміс, Базарқақпа шағын аудандарында құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындар ауызсуға қол жеткізеді.
Сонымен қатар 41 шағын аудан сапалы электр желісімен қамтылады. «Биыл 12 нысанға қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүруде. Жыл соңына дейін 7 нысанның құрылысы аяқталып, 14 мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтылмақ.Кәріз жүйесін тарту бойынша 4 нысанда құрылыс жұмыстары жүруде. Жыл қорытындысымен бір магистралдық кәріз коллекторының құрылысы аяқталып, 12 мың халқы бар 5 шағын аудан кәріз жүйесіне қосылады.
Ал 2025 жылға дейін қаладағы 40 шағын аудан табиғи газ жүйелерімен қамтамасыз етілетін болады. Келер жылы 2771 тұрғын үйге табиғи газ жүйесі тартылып бітеді. АГРС-3 нысанының құрылысы аяқталса, өндірістік және әлеуметтік нысандарды үздіксіз, сапалы табиғи газбен қамтамасыз етуге жағдай жасалынады. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жоспарланған жұмыс жіті назарда болатынын жеткізді. Тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
BBozyq.kz