Шымкентте биыл 256 көше орташа және күрделі жөндеуден өтеді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Өздеріңізге мәлім, қаладағы бірнеше басты жолдарда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Көптеген тұрғындардан сауалдар мен пікірлер байқап жатырмыз. Бүгін өзім де арнайы мердігерлердің жұмысын қадағалап, халықтың қолайлылығы мен қауіпсіздігін бақылап қайттым. Мәселен, Рысқұлов пен Түркістан көшесі аралығындағы Байтұрсынов көшесінде 6 маусымнан бастап, 13 маусымға дейін орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түсінеміз, тұрғындар үшін кішкене автобустардың аялдамаларда тоқтауы, кептелістер қолайсыздық тудырып жатыр. Дегенмен, бір-екі күндік бұл кедергілер кейін жылдар бойы сапалы, қолайлы, төзімді, әрі әдемі жолдарға жеткізеді. Көпшілігі, жыл сайын жөндей береді деп ойлайды. Бұл олай емес. Бір жылы арықтар салынуы мүмкін, бір жылы газ құбырлары мен конализация жүйесі жүруі мүмкін, былтыр жаяу жүргіншілер мен вело жолдар салынды. Биыл, басқа көшеде жолдар салынып жатыр. Мұның барлығы тұрғындар үшін, қаламыз үшін екенін айтқым келеді,-деді қала әкімінің орынбасары Мақсұт Пернебайұлы.
Жалпы, бүгінгі таңда қаламызда 175 көше жөнделіп жатса, биылғы жылы жоспар бойынша 256 көшеге орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Bozyq.kz