ШЫМКЕНТТЕ САЯСИ НАУҚАНҒА ДАЙЫНДЫҚ БАСТАЛЫП КЕТТІ

Ағымдағы жылдың 12-тамызында Сенат депутаттарын сайлау өтеді. Осыдан төрт күн бұрын мемлекет басшысы саяси науқан туралы қаулы қабылдап, Жарлыққа қол қойған болатын. Құжат қолданысқа енгені сол, іле-шала Шымкент қалалық сайлау комиссиясы саяси науқанға дайындықты бастап кетті.

Сенат депутаттары өкілеттігінің конституциялық мерзімі биылғы қазан айында аяқталады. Президент қабылдаған қаулыда ел Үкіметі, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері Сенат сайлауын ұйымдастыру, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын деп жазылған. Осы орайда, қалалық сайлау комисиясына республикалық қордан 5 млн. теңгеден астам қаражат бөлініпті.

Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясы қазір демалыссыз жұмыс істеп жатыр. Қаулы қабылданған күні-ақ, саяси науқанға жауаптылар, тізім жасап, комиссияның құрамын бекітіп алды. Сенат депутаттарының сайлауын әзірлеп, өткізуге 7 адам жауапты.

Бүгінге дейін 4 үміткер кандидат ретінде ұсынылды. Депутаттықтан үміттілерді лауазымға ұсыну мерзімі 13-маусымнан, 12-шілдеге дейін жүргізіледі. Ал, үміткерлерді тіркеу шілденің 23-і күні тоқтатылады. Айта кетейік, Сенатқа 14 облыстан, республикалық маңызы бар екі қаладан және астанадан екі-екі депутаттан сайланады. Сонымен қатар, тағы 15 депутатты Президенттің өзі тағайындайды. Депутаттардың мерзімі – 6 жыл.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *